«Ақжайық» тартысты матчта қарсыласына есе жіберді
Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» жаңа жылдағы алғашқы кездесуін Воткинскіде жергілікті «Знамя-Удмуртия» командасымен өткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Осыған дейін төрт ойынында жеңіске жеткен оралдықтарға бұл жолы оңай тиген жоқ.
Бірінші таймда айдын иелерінен Евгений Черепанов есеп ашса, «Ақжайықтың» сұрмергені Михаил Пахомов таразы басын теңестірді.
Артем Никулин жергілікті команданы алға шығарса, М.Пахомов 12 метрлік пенальтиді мүлтіксіз орындады. Бірақ Дмитрий Салимов есепті 3:2-ге жеткізді.
Екінші таймда оралдықтардан Иван Захаров есепті теңестіргенімен, ойын соңына таман Е.Черепанов жеңіс голын соғып кетті — 4:3.
Ертең қос клуб екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» орынборлық клубты 10:2 есебімен ұтқанын жазған болатынбыз.