«Ақжайық» би ансамблі «Рухани қазына» байқауында үздіктер қатарынан көрінді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Ақжайық» халықтық би ансамблі Нұр-Сұлтан қаласында өткен мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық онлайн фестивалінде үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыған орай елордаға жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне барып қайтқан облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовтың айтуынша, биыл үшінші рет өткізілген сайысқа республика бойынша барлығы 250-ден астам ұжым қатысқан.
Солардың ішінде 40 жылдан астам тарихы бар, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты «Ақжайық» халықтық би ансамблі «Үздік көркемөнерпаздар ұжымы – 2020» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
«Бір атап өтер жайт, Әсел Дәулетова жетекшілік ететін «Ақжайық» би ансамблі кәсіби ұжым емес. Онда түрлі салада қызмет атқаратын, жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жастар бар. Соған қарамастан, ансамбльдің көркемдік деңгейі жыл сайын өсіп келе жатқаны қуантады», - деді М.Жұбатов.

«Ансамбльге студент кезімнен бастап келдім. 2009 жылдан бері жетекшілік етудемін. Қазіргі кезде 16 қыз шеберліғын ұштай түсуде. Жыл сайын ансамбль құрамы жаңарып отырады. Болашақта жаңа бағдарламалар жасап, осыған дейін қол жеткізген табыстарымызды молайта түспекшіміз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Әсел Дәулетова.



