«Ақжайық» допты хоккей клубына жаңа бапкер мен ойыншылар келді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығына» жаңа бапкер мен ойыншылар келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, бас бапкерлікке Саратовтан (РФ) келген Владимир Кожевников тағайындалды. Ол осыған дейін «Ақжайықпен» бір топта ойнап жүрген Саратовтың «Универсалын» жаттықтырып, біраз табысқа қол жеткізген. Команданы күшейту мақсатында жаңа бапкермен бірге Ресейден жеті бірдей ойыншы алынды. Олар: жартылай қорғаушылар Сергей Гаврилов (Қазан), Евгений Суковин (Омбы), Артем Недоступов (Саратов), Максим Никишов (Краснотурьинск), қорғаушылар Сергей Пантеев (Навашино, Нижегород облысы) және Александр Подметалин (Саратов). Оған қоса өткен жылғы маусымда «Ақжайық» құрамында мергендігімен көзге түскен тағы бір ресейлік, шабуылшы Сергей Башаев (Ишеевка, Ульянов облысы) өнер көрсетуін жалғастырады.
«Басты мақсат - өз тобымызда табысты ойын өрнегін көрсетіп, финалдық сайыстарға жолдама алу», деді Азамат Шайхы.
Айта кетейік, қазіргі кезде «ҚПО б.в» компаниясының қаржысына «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны салынуда. Сондықтан «Ақжайық» жаңа маусымда өз айдынындағы кездесулерін Оралға қарасты Зачаган кентіндегі «Стеновик» стадионында өткізеді.