«Ақжайық» футбол клубы алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтады

ОРАЛ. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымға әзірлік барысында өз алаңындағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізді.

«Ақжайық» футбол клубы алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтады

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз хатшысы Арсен Ғұбашевтің хабарлағанындай, бұл жаттығуға қосалқы құрамнан бірнеше жас ойыншы, сондай-ақ бұрын команда құрамында ойнаған оралдықтар Айбек Ғұбайдуллин, Эльдар Абдрахманов, Михаил Любимкиндер қатысты. Сонымен қатар командада Қызылорда футболының түлегі, өткен маусымда капитан жейдесімен шыққан Қанат Әлиев, мәскеулік «Динамо» клубы академиясында шеберлігін шыңдаған Константин Зотов бар. Бұдан бұрын көкшетаулық «Оқжетпес» клубының намысын қорғаған қазақстандық жартылай қорғаушы Руслан Кенетаевты да «Ақжайық» сынап көрді. «Ақжайықтың» жас қақпашысы Стас Покатилов Қазақстан жастар құрамасына мүшелікке үміткер ретінде Астанадағы оқу-жаттығу жиынына қатысып қайтты.

Жаңа жылда, атап айтқанда, 5 қаңтарда «Ақжайық» шетелдегі алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Анталияға аттанады, оған команданы әзірге жергілікті жаттықтырушы Артур Авакянц бастап бармақ. Бұрынғы легионерлерден камерундық қорғаушы Саджо Хаман ғана қалды. Бас бапкер мен жаңа легионерлердің аты-жөні алдағы жиында анықталмақ. Бұл жиынға аттанатын ойыншылардың алдын ала тізімі мынадай: қақпашылар - Роман Багаутдинов, 1992 жылғы Стас Покатилов, Андрей Неупокоев, қорғаушылар - Бауыржан Омаров, Руслан Қайыров, Аслан Кереев, 1992 жылғы Владимир Покатилов, Саджо Хаман, Михаил Любимкин, Қанат Әлиев, жартылай қорғаушылар - Сергей Шевцов, Иван Антипов, 1992 жылғы Азамат Хасанов, Руслан Валиуллин, Еркін Тапалов, Ізім Сәрсекенов, Эльдар Абдрахманов, Айбек Ғұбайдуллин, Константин Зотов, шабуылшылар - Николай Забродин, Алексей Мальцев, 1992 жылғы Ринат Қасымгереев, 1992 жылғы Азамат Әлішев.