«Ақжайық» футбол клубы жанкүйерлер үшін арнайы автобус шығарды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Ақжайық» футбол клубы жанкүйерлердің Ақсайға барып-қайтуы үшін арнайы автобус шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубы жанкүйерлер үшін арнайы автобус шығарды

Премьер-лига командалары арасында ел біріншілігінің үшінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңындағы алғашқы ойынын 31 наурыз күні Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» стадионында өткізеді. Сол күні жергілікті сағат 14.00-де украиналық маман Владимир Мазярдың шәкірттері чемпионатта әзірге жеңіліс таппай, көш бастаушылардың қатарында келе жатқан Павлодардың «Ертісін» қабылдайды.

Арнайы автобус жанкүйерлерді тегін апарып, алып қайтады. Стадионға кіру де тегін.

«Мамыр айына дейін ойындар Ақсай қаласында өтеді. Күн жылынып, қалыпқа түскеннен кейін Оралдағы П.Атоян атындағы стадионға көшеміз. Қазіргі кезде команда алдағы кездесуге дайындық үстінде. «Ақжайықтың» жеңіс үшін барын салатыны анық», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне «Ақжайық» футбол клубының директоры Нұртаза Әбілханов.


Фото: fishki.net