«Ақжайық» футбол клубының бас бапкері орнында қалатын болды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Премьер-лигада өнер көрсететін «Ақжайық» футбол клубының бас бапкері, украиналық маман Владимир Мазяр орнында қалатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының бас бапкері орнында қалатын болды

В.Мазяр ел чемпионатының 16-турында Алматыда «Қайратпен» өткен матчтан кейін өз орнынан кететіні жөнінде мәлімдеген болатын.

«Ақжайық» футбол клубының басшылығы осыдан соң ойыншылар мен бас бапкердің арасында кездесу өткізген.

«Клуб ойыншылары бапкерді толықтай қолдады – бұл басшылыққа оның орнынан кетуі жөніндегі өтінішін қабылдамауға негіз болды. Жазғы трансферлік кезеңде команда жаңа ойыншылармен күшейтіледі. Бұл команданың ішіндегі бәсекелестікті арттырып, жағдайды түзеуге септеседі», - деп хабарлады «Ақжайық» футбол клубынан.

Қазіргі кезде оралдықтар турнир кестесінде 12 ұпаймен 13-орында, яғни бірінші лигаға түсіп қалу қаупі төніп тұр.

«Ақжайық» 8 шілде күні Қазақстан кубогы үшін Қызылордада жергілікті «Қайсармен» кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатында «Ақтөбенің» көш бастағанын жазған болатынбыз.


Фото: www.instagram.com/fcakzhayik