«Ақжайық» футбол клубының бюджеті 1 млрд. теңгеге жетпейді - Әсия Аманбаева
Оның айтуынша, бұл қаржыға көп адам қате түсініп жүргеніндей, тек қана легионер ойыншылардың трансферлері кірмейді.
«Сонымен бірге осы қаржы клубтың қызметкерлеріне жалақы төлеуге, қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға, жалпы, «Ақжайық» футбол клубының барлық инфрақұрылымын күтіп ұстауға жұмсалады. «Ақжайық» ФК жанындағы балалардың футбол орталығы (700-ге жуық адам), орталықтың төрт аудандағы (Сырым, Қаратөбе, Теректі, Бөрлі) және Орал қаласындағы сонша филиалы да осы қаржыны пайдаланады. Биыл біз клубтың базасында бақылаушылар кеңесін құрдық. Оның құрамына қоғамдық ұйымдардың, ойын түрлері федерациясының өкілдері және облыстық мәслихаттың депутттары енді. Сол себепті бұл мәселе біздің ұдайы бақылауымызда», - деді Ә.Аманбаева.
Айта кетейік, футболдан премьер-лига командалары арасында ҚР біріншілігінде өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» қазіргі таңда турнир кестесінде 11-інші орында келеді.
Жалпы, өңірде 57 спорт, соның ішінде 28 олимпиадалық спорт түрін дамытуға көңіл бөлінуде. БҚО дене шынықтыру және спорт саласының биылғы бюджеті 3 056 264,0 мың теңгені құраса, биылғы бірінші жартыжылдықта соның 56 пайызы игерілді.