«Ақжайық» ірі есеппен «Ордабасы» командасын ұтты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан ел біріншілігінің бесінші турында Оралдың «Ақжайығы» «Ордабасы» командасын ірі есеппен ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкенттіктер бұған дейін бірде-бір ұпай жоғалтпаған, «Астанамен» бірге көш бастап келе жатқан клуб болатын.
Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» стадионында өткен матчта алаң иелері ойын тізгінін бірден қолға алды. 13-минутта айып алаңындағы қарбалас сәтті пайдалана білген Қазақстан жастар құрамасының мүшесі, жартылай қорғаушы Иван Антипов есеп ашты. 17-минутта өз айып алаңында қонақтар тәртіп бұзғаннан кейін 11 метрлік пенальти белгіленді. Бұл нүктеден Еркебұлан Нұрғалиев қақпа бұрышын дәл көздеп, есепті 2:0-ге жеткізді.
«Ақжайықтың» қарқыны бұдан кейін де бәсеңдеген жоқ. 26-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін хорватиялық қорғаушы Хрвое Спахия тәртіп бұзып, алаңнан қуылды. Бұл жолы 11 метрліктен Е.Нұрғалиевтің тепкен добын «Ордабасының» қақпашысы Жасур Нарзикулов қайтара білді. Есесіне 38-минутта қонақтардың шабуылшысы Тимур Досмағамбетов шеберлік танытып, есепті қысқартты. Дегенмен 44-минутта украиналық шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеола «Ақжайық» сапындағы алғашқы добын соқты.
Екінші таймда мергендігімен көзге түскен Хабиб Эсеола 78-минутта тағы бір голдың авторы атанды.
Осылайша Владимир Мазярдың шәкірттері күтпеген жерден шымкенттік футболшыларды 4:1 есебімен жеңіп кетті.
«Ойынның алдында бізбен облыс әкімі кездесіп, командаға сенетіндігін білдірген болатын. Бұл бізге күш-жігер қосты. Алдағы уақытта да осындай қолдау болатынына сенеміз. Ақсайда біз Оралдағыдай сезінудеміз. Бүгін футболшылар тәртіппен, беріле ойнады. Эсеоланың гол соққаны да қуантты. Дегенмен бізде жарақат алғандар баршылық, олар тезірек қатарға қосылса дейміз. Алаңда төрт-ақ легионер болды, жергілікті ойыншыларға үміт артудамыз. Мұндай жеңістен кейін олар өз шеберліктерін үстей түсетін болады», деді кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында В.Мазяр.
Айта кетейік, оралдықтар келесі ойынын 22 сәуір күні сырт алаңда Қостанайдың «Тобылымен» өткізеді. Осы турда Шымкентте алаң иелері есебіндегі «Ақтөбені» 1:0 есебімен тізе бүктірген қостанайлықтар турнир кестесінде 12 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Қоржынында дәл сондай ұпайы бар «Ордабасы» үшінші сатыға ығысса, «Қайратпен» тең ойнаған астаналықтар 13 ұпаймен көш бастап келеді. Алматылықтар 11 ұпаймен төртінші сатыда тұр. Яғни бұл - көш бастаушы командалар арасында бәсеке қыза түседі деген сөз. Ең соңғы орындағы «Атыраумен» тең ойнаған Қарағандының «Шахтері» (8 ұпай) бесінші орынға орнықса, «Ақжайық» 7 ұпаймен үздік алтылықты түйіндеп тұр.
22 сәуір күні сондай-ақ «Қызылжар» - «Атырау», «Шахтер» - «Ақтөбе», «Ордабасы» - «Астана», «Қайрат» - «Қайсар», «Жетісу» - «Ертіс» ойындары өтеді. Орталық матчтың Шымкентте болатыны анық. «Ақжайықтан» оңбай ұтылған «Ордабасы» өз алаңында жерге қарамау үшін астаналықтармен кездесуде барын салатыны түсінікті.