«Ақжайық» өз алаңында «Ертіске» есе жіберді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының 22-ші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Павлодардың «Ертісін» қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бұл жолы оралдықтардың бас бапкері Вахид Масудов қақпаға Денис Төлебаевтың орнына Вячеслав Котлярды қойды, басқа өзгеріс болған жоқ. 18-минутта «Ақжайық» қорғаушыларының қателігінен кейін «Ертістің» құрамындағы молдовалық шабуылшы Игорь Бугаев есеп ашты. Ал 10 минуттан кейін сол қапталдан павлодарлықтардың айып алаңына кірген Азат Ерсалимовты қонақтар шалып жықты. Алайда парагвайлық легионер Фредди Коронельдің тепкен добы қақпа маңдайшасынан кері қайтты. Осымен «Ақжайық» ойыншылары екінші рет пенальтиді сәтті орындай алмады. Бұдан бұрын Алматының «Қайратымен» ойында Юрий Перцыхтың орындаған 11 метрлік айып добын Стас Покатилов қайтарып, «Ақжайықтың» тең ойынға қол жеткізуіне мүмкіндік бермеген болатын.
Екінші таймда алаң иелері алға ұмтылғанымен, түк бітіре алмады. Қайта қарымта шабуылда павлодарлықтардың гол соғатындай керемет мүмкіндіктері болды. Соның бірінде В.Котляр сейв жасап, допты қайтара білді.
Сөйтіп, 0:1 есебімен ұтылған «Ақжайық» 16 ұпаймен бұрынғыша соңғы орында келеді. Ал «Ертіс» 34 ұпаймен қайтадан төртінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, кеше Қарағандыда «Шахтерді» 1:0 есебімен ұтқан «Тараз» командасы екінші айналым соңында алтыншы сатыға шықты. Осындай есеппен өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» тізе бүктірген «Атырау» жетінші орында келеді.
Бүгін Көкшетаудың «Оқжетпесі» Қызылорданың «Қайсарын» 3:1 есебімен жеңді. Ақтөбеде жергілікті команданы 2:1 есебімен сүріндірген Алматының "Қайраты" 47 ұпаймен бұрынғыша екінші орында келеді. «Астана» - «Ордабасы» арасындағы кездесу 7 тамыз күні өтеді.