«Ақжайық» өз алаңында «Қайратқа» есе жіберді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында ҚР чемпионатының 19-турында Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда Алматының «Қайратын» қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Бұл ойын қос команда үшін де маңызды еді. Алматылықтар «Астанамен» чемпиондық атаққа таласып келе жатса, оралдықтар соңғы, 12-орынға түсіп қалған болатын. «Қайраттың» сапында ескертулерінің көптігіне байланысты команда жұлдыздарының бірі, ресейлік Андрей Аршавин мен Қазақстан құрамасының мүшесі жарақаты бар Георгий Жуков алаңға шыға алған жоқ. Дегенмен, Бауыржан Исламхан бастаған алматылықтардың құрамында онысыз да атақты футболшылар жетерлік еді. Сондықтан бірінші тайм негізінен «Қайраттың» басымдылығымен өткенімен, есеп ашылған жоқ.

Матчтың екінші кезеңінде қонақтар күтпеген жерден гол соғып кетті. 58-минутта бразилиялық легионер Исаэльдің айып алаңына кірместен тепкен добы тоғыздыққа дәл түсті. «Ақжайықтың» қақпашысы Денис Төлебаевтың тыпыр етуге мұршасы келген жоқ. Кездесу соңына таман алаң  иелері алға ұмтылып бақты. Сондай сәттердің бірінде ойынға тыңнан қосылған Иван Антиповты алматылық қорғаушы өз айып алаңында шалып жықты. Алайда Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Юрий Перцух тепкен 11 метрлік айып добын «Қайраттың» қақпашысы, Орал футболының түлегі Стас Покатилов қайтара білді. Сөйтіп ол өз командасына жеңіс сыйлап, «Ақжайықты» бір ұпайдан айырды десе де болады. Бәлкім, 21 жасар Ю.Перцухқа қарағанда, тәжірибелілеу футболшы пенальтиді орындағанда, оралдықтар тең ойынға қол жеткізер ме еді деген сауал көкейде қалды.

Айта кетейік, бұл турдан кейін өз алаңында 2:0 есебімен Қызылорданың «Қайсарын» ұтқан «Астана» 48 ұпаймен бұрынғыша көш бастап келеді. Екінші орындағы «Қайраттың» одан бес ұпайы кем. Ал Шымкентте Қарағандының «Шахтерін» 1:0 есебімен тізе бүктірген «Ордабасы» командасы 38 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар