Ақжайықта ақын Сағынтай Бисенғалиевтің шығармашылық кеші өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында ақын, Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі, республикалық айтыстардың жүлдегері Сағынтай Бисенғалиевтің «Даламның таңы - тағдырым» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ақжайықта ақын Сағынтай Бисенғалиевтің шығармашылық кеші өтті

null

Өлең өлкесінде өз орны бар Сағынтай Бисенғалиевтің 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылған кеште ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов және көршілес аудандар өкілдері мерейтой иесінің атына шынайы лебіздерін білдірді.

null 

Тайпақ топырағында дүниеге келген Сағынтай Бисенғалиев қаршадайынан қара жұмыстан қашпай, маңдай терін сыпыра жүріп, тынбай еңбек етті. Республикалық додаларда облыс намысын қорғап, «Тайпақтың қара жорғасы» атанды. Кейін жазба өлеңге ден қойып, бұл саладағы еңбегі де жеміссіз болған жоқ. Алдымен «Кешігіп келген көктем» атты жинағын шығарса, содан соң «Жадырап жеткен жазға» кезек тиді. Енді, міне, ел ішінде жүріп-ақ «Күз де кейде шуақ шашып тұрмай ма, Жүрегімде жылуы бар талтүстің!», деп өзі жазғанындай, «Күрең күз» атты кітабын алпыс жылдық тойында көпшіліктің қолына ұстатты. Алда «қақаған» қыстың тұрғанын ескерсек, «қара жорғаның» шабысынан жаңылмайтынын аңғаруға болады. «Ат тұяғын тай басар», демекші, ұлы Айнабек те бүгінде айтысқа қосылып, танымал болып келеді.

null 

Мерейтойлық кеште Сағынтай Бисенғалиевтің өзі жетекшілік ететін «Муза» шығармашылық орталығының мүшелері өнер көрсетіп, алды республикалық айтыстарда жүлде алып жүрген жас ақындар Жансая Мусина, Мұрадым Мирланов, Эльдар Ихсанов, Айнабек Бисенғалиев, Бауыржан Ширмединұлы сахнаға шығып, сөз қағыстырды. 

nullnull