«Ақжайықтың ақкербезі» атты республикалық термешілер байқауы мәреге жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шыңғырлау ауданында белгілі әнші-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рахимованың шығармашылығына арналған І дәстүрлі республикалық термешілер байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайықтың ақкербезі» атты республикалық термешілер байқауы мәреге жетті

Алғаш рет ұйымдастырылған өнер додасына Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда және Батыс Қазақстан облысынан барлығы 12 үміткер қатысып, бақ сынады.

Байқау мақсаты - өмірден ерте кеткен әншінің үнтаспада жазылған ән-термелерін кейінгі ұрпаққа насихаттау, жыршылық-термешілік өнерді кеңінен дамыту. Сондай-ақ жаңа есімдерді ашып, жас дарындарға қолдау көрсету.

Сайысқа ҚР еңбек сіңірген әртісі, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Сәуле Таудаева бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Байқау қорытындысында оралдық Назгүл Қабиева бас жүлдені жеңіп алды.

Теректі ауданынан келген Лаура Мұхамбетжанова мен Нұрайым Ерталапқызы бірінші, оралдық Әмина Ғайнеденова мен ақтөбелік Ғазиза Әбдірова екінші орынға ие болды. Ақтаулық Айнұр Омарова, оралдық Ақмарал Кемелханова, қостанайлық Айжан Санай үшінші орынды бөлісті.

Қ.Рахимованың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында аталмыш байқау дәстүрлі түрде өтіп тұрмақ.

Айта кетейік, Шыңғырлау ауылындағы орталық саябақта әнші мүсіні орнатылған.

null