Әл-Азһар шейхы өзіне сыйланған швейцарлық сағатты мемлекеттік қазынаға тапсырды
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Әл-Азһар шейхы Ахмет әт-Тайып өзіне тарту етілген швейцарлық «Рояль» сағатын Мысыр қаржы министрлігіне тапсырды. Бұл жайында «әл-Арабияға» сілтеме жасап, muslim.kz жазады.
Сайттың жазуынша, Шейх бұл қадамын құны 100 доллардан асатын тарту-таралғыларды ел қазынасына өткізу туралы үкімет мүшелеріне қатысты өкімді орындағандықтан бардым деп түсіндірді. Ол аталмыш жарлықтың дін қайраткерлеріне қатысы болмаса да өзгелерге үлгі көрсету мақсатында осындай әрекетке барғанын тілге тиек етті.
Қаржы министрі Фаяд Әбдімонейманың сөзіне қарағанда, маусым айының 26-ы күні өтетін бәссаудаға жоғары лауазымды шенеуніктерден алынған аса бағалы 13 сыйлық шығарылады. Одан түскен қаржы мемлекет қазынасын толықтыратын болады.
Мұндай бәссауданың Мысырда алғаш рет өткізілетінін айта кету керек.