Альберт Рау: Қазақстан әрбір дағдарыстан күшін нығайта отырып шығып келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаты Альберт Рау «Нұр Отан» партиясының құрылуы тарихы туралы сөз қозғап, Қазақстанның осыған дейінгі дағдарыстан қалай шыққанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ең алдымен, біздің партияның 20 жылдығымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Әсіресе, арамыздағы көнекөздер партия қаншалықты күрделі кезеңде құрылғанын білетін болар. 1999 жылғы Президент сайлауы қиын жағдайда өткен еді. Күні кеше Парламентте болған Президент бұл кезеңді - айлықты төлеу қиынға түскен, зейнетақыны төлеу мүмкін болмаған шақты еске алғаны белгілі. Алайда бәріміз бірауыздан Президентті қолдай отырып, мінекей 20 жылдыққа да келіп қалдық», - деді Альберт Рау Астанада «Мемлекет басшысы Жолдауында, Бес әлеуметтік бастамада атап өткен тапсырмаларды іске асыру аясында экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру, халықтың кірістерін және өмір сүру сапасын арттыру» тақырыбында өткен панельдік сессияда.
Сенатордың айтуына қарағанда, осы жылдардың ішінде Президент берген уәдесінің бәрін де орындап келеді.
«Ең күрделі кезеңде Елбасы «қиын болады, бірақ біріге отырып, осының бәрінен аттап өтеміз» деп серт берген еді. Бүгінгі күні өткенге көз тастай отырып, өте көп еңбектің жасалғанын, ең алдымен Көшбасшының уәдесі жерде қалмағанын көреміз. Бізді кейде «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген қағидат үшін сынап жатады. Бірақ, экономикалық өсім барда әлеуметтік мәселелерді шешу оңайға түсетіні рас екенін келісетін боларсыздар. Біздің алдағы он жылдағы мақсат - әрбір қазақстандықтың өмір сапасын арттыру бағытында елімізді жүйелі түрде жаңғырту», - деп атап өтті депутат.
Альберт Раудың айтуына қарағанда, партияның бағдарламасы - ең алдымен Елбасы бүкіл Қазақстанды жаңғырту бағытында ұсынған стратегияға үн қосу болып табылады.
«Мемлекет басшысы осы 20 жылдың ішінде мақсаттарға жету үшін тапсырмалардың деңгейін көтере білді. Оның ең қарапайым мысалы - біздің Астана. Бір адамнан басқа ешкім Астананың келешегіне сенбеді. Ақыры, осы арман-мақсат орындалып, біздің бәріміз бүгінгі күні жаңа технологиялар дамып жатқан ЭКСПО ғимаратында отырмыз. Міне, арман мен мақсаттың орындалғаны осы», - дейді сенатор.
Депутаттың айтуынша, партия бағдарламасының тағы бір мақсаты - жалпы жайлылық үшін экономиканың өсімін қамтамасыз ету.
«Осы бағдарламаны дайындар алдында, халыққа әлеуметтік мәселелерді шешу үшін осындай мөлшерде ақша бөлінеді деп айттық. Осы жылдардың ішінде мақсатқа келдік. Әлбетте, қиындықтар болды. 1998-1999 жылғы дағдарыстан ес жия алмай жатып, 2008 жылы тағы күрделі кезеңдер басталды. Бірақ, әрбір дағдарыстың бәрінен біз өз күшімізді нығайта отырып, шығып келе жатырмыз. Бүгінгі ахуалдың жайы да оңай емес. Әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Біздің негізгі өнімдеріміздің бағасы құбылып, сауда соғыстары мен санкциялар жүріп жатыр. Бұл үрдістердің бәрі де әлемдегі тәртіппен қарама-қайшы. Осындай жағдайда Қазақстан секілді жас мемлекетке өз орнын тауып алған дұрыс. Сол себепті, біздің басты басымдық - халыққа пайдасын тигізер тұрақты экономикалық өсім болуы керек», - деді Альберт Рау.
Сенатор өз сөзінде Президенттің макроэкономикалық тұрақтылық туралы айтқанын еске алды.
«Сол себепті, Парламент мүшелері ретінде нақты әрі үйлесімді бюджеттің болғанын қалаймыз. Мұнай қорына тек ең күрделі жағдайда ғана жүгіну керек», - дейді Альберт Рау.