12:29, 13 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Альберто Веласко «Қазақстан Опен 2010" гольф турнирінің жеңімпазы атанды
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда мәреге жеткен VII "Қазақстан Опен 2010" гольф турнирінде испандық Альберто Веласко жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Жайлау" гольф курортында қыркүйектің 9-ы күні жалауын көтерген бұл турнирге биыл әлемнің 24 елінен 132 спортшы қатысты. Онда бірінші орынды 267 соққымен испандық Альберто Веласко жеңіп алды. Бұл оған Челендж Тур рейтингінде көшбастауға мүмкіндік берді. А. Веласко енді келесі жылы Еуропадағы негізгі кәсіби турнир саналатын - Еуротурда бақ сынайтын болды. Ал оның бұл жолғы қарсыластарының арасынан 272 соққымен шотландық Скотт Джемсон, аргентиналық Хулио Запата, италияндық Федерико Коломбо екінші, 273 соққымен Магнус Карлсон үшінші орынды иеленді. Жүлде қоры 400 мың еуроны құрайтын бұл жарыста жеңімпаз 64 мың еуро, ал жүлдегерлер 44 және 24 мың еуродан бөлісті.