Альфа банкті тонағандар сотталды
Судья Бақытжан Бәкірбаев Иван Жуков пен Максим Бескишкин кішкентай балаларының барын ескере отырып, әрқайсысын 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
«Кәмелетке толмаған балаларыңыз бар әрі өз кінәларыңызды толығымен мойындап отырсыздар. Сол себепті сіздерді жазаның ең төменгі шегі 7 жылға бас бостандығын айыру туралы үкім еттім. Сондай-ақ, Максим Бескишкиннің көлігі тәркіленсін», - деді Б.Бәкірбаев.
Олар жазасын қауіпсіздік дәрежесі орта деңгейдегі қылмыстық жүйе мекемесінде өтейтін болады.
Айта кету керек, 27 маусымда «Арай» тұрғын үй кешінінде орналасқан Альфа банк офисі тоналған болатын.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдіктілердің бірі банк қоймасына кіріп, тапанша тәріздес затпен қызметкерлерді қорқытып, 65 млн 300 мың теңгені алып шығып кеткен.
Кейінірек банктің бұрынғы қызметкері мен күзетшісі күдікті ретінде қамауға алынды. Максим Бескишкин мен Иван Жуковқа қатысты ҚР ҚК 192-бабы бойыншы қылмыстық іс қозғалды.