Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдығын атап өтуде

Ы. Желтоқсанның 21-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты,  Мемлекеттік сыйлықтың иегері  Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдық мерей тойын атап өтуде,
None
None

         деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Мерейтойлық шара ҚР Білім және ғылым министрлігі мен  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен «Әбіш Кекілбаев және қазіргі заман шындығы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциямен ашылды. Жиынға Иран, Германия, Үндістан, Қырғызстан, АҚШ және Ресейден келген ғалымдар, сондай-ақ  өз еліміздің ғалымдары мен қоғам қайраткерлері,  жазушылар мен депутаттар қатысты.  Ғалымдар мен қонақтар  Әбіш Кекілбаевты мерей тойымен және  еліміздің ең биік наградасы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен құттықтап, оның   әлемдік және отандық мәдениетке, қазақ руханиятының өркен жаюына, қазақ әдебиетінің жаңа белеске көтерілуіне айырықша сіңірген  ерен еңбегі жайында баяндамалар оқып, ол туралы ойлары мен пікірлерін білдірді. 

         «Нағыз таланттар бесігіне айналған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін, дархан даланың дарынды жазушысы, өз оқу ордасының түлегі Әбіш Кекілбаевтың  мерей тойын тойлау - біз үшін үлкен мәртебе, әрі мақтаныш. Әбіш Кекілбайұлы тек қазақ әдебиеті мен мәдениетінің абыройын асырып қойған жоқ, ол өзінің тамаша талантымен, дархан дарынымен бүкіл әлем әдебиетіне олжа салған саңлақ суреткер, заңғар қаламгер», деді шараның салтанатты ашылу рәсімінің алғы сөзінде  аталмыш оқу орнының ректоры Бақытжан Жұмағұлов .

                   Мерейтойлық шара кешке Студенттер сарайында өтетін той иесіне арналған жиынмен және концерттік бағдарламамен жалғасады.

Соңғы жаңалықтар