Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қазақ тілі кафедрасының 20 жылдық мерейтойына арналған конференция өтуде

АЛМАТЫ. 12 Қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қазақ тілі кафедрасының 20 жылдық мерейтойына арналған "Мемлекеттік тіл - интеллектуалдық ұлт қалыптастырудың негізі" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қазақ тілі кафедрасының 20 жылдық мерейтойына арналған конференция өтуде

Конференция жұмысында тілдік тұлғаның интеллектуалдық қабілетін дамыту жолдары; тілді функционалды өріс аясында меңгертудің өзектілігі; қазіргі қазақ тілі: бағдарламалық компьютерлік оқыту; эллективті пәндерді оқытудың ерекшеліктері; мемлекеттік тілді инновациялық технологиялар арқылы меңгертудің жолдары; функционалдылық және функционалдық грамматика; қазақ тілінің коммуникативті-функционалдық аспектісі; әлеуметтік лингвистика, негізгі мәселелері, қазіргі таңдағы даму бағыттары осы және өзге де мәселелер талқылануда.

Шара барысында аталмыш оқу орынның басқа кафедралары қазақ тілі кафедрасының 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, тілектерін білдірді.

"20 жылдың ішінде кафедра көптеген жетістіктерге жетті. Шет елдермен, атап айтқанда Қытай, Венгрия, Болгария және Мәскеудің Ломоносов атындағы университеттерімен байланыс орнаттық. Тәжірибе алмасудамыз. Мемлекеттік тілді дамытуға өз үлесімізді қосып, әр түрлі халықаралық конференцияларға қатысудамыз. Біздің кафедраның негізгі мақсат, бағыты - білімді, бәсекеге қабілетті, мемлекеттік тілмен жақсы қаруланған кәсіби мамандарды дайындау. Қазақ тілі кафедрасы тек қана тіл үйрету емес, үкіметтің, Елбасының мемлекеттік тіл туралы саясатын жүзеге асыруға белсене ат салысып келеді. Қазіргі уақытта кафедра ұжымы жаңа инновациялық оқыту әдістемелерін терең енгізу бағытында жан-жақты іздене отырып, көптеген жұмыстар атқаруда. Қазір білім бәсекелестігі жүріп жатыр. Ғылым, білімі жоғары елдің көші озық болады. Ғылым, білімі төмен ел көштен оңай қалып қояды. Сондықтан бүгінгі дарынды, сауатты, интеллектуалды жастар мемлекеттік тілге бет бұруы керек, ұлттық құндылықтарды қадірлеуі керек, мемлекеттік тілмен қарулануы керек. Осы мақсатта біз бүгінгі конференцияны "Мемлекеттік тіл - интеллектуалдық ұлт қалыптастырудың негізі" деп алдық", -деді филология ғылымдарының докторы Салтанат Иманқұлова.

Бүгінде кафедрада 7 доцент, 2 филология ғылымдарының докторы, 21 оқытушы қызмет етеді, олар 12 факультетке орыс аудиториясына қазақ тілінен сабақ береді. 21 оқытушының 17-і филология ғылымдарының кандидаттары. Кафедра құрылғаннан бері мұнда 7 меңгеруші қызмет еткен. Бүгін қазақ тілі кафедрасының 20 жылдық мерейтойына арналған конференцияда жетеуі де "Қазақ тілі кафедрасына сіңірген еңбектері үшін" атақтарымен марапатталды. Сонымен қатар әр жылдары аталмыш кафедрада жұмыс істеген 20 оқытушы "Қазақ тілі кафедрасына сіңірген еңбектері үшін және мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін" атақтарымен марапатталды.