12:31, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде
АЛМАТЫ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруға қосқан үлесі: жетістіктері және даму бағыттары» атты халықаралық-тәжірибелік конференция басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтіп жатқан конференция жұмысына Археология институтының, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының, «Алаш» тарихи зерттеу орталығының, ҚР кино-фото және дыбыстық құжаттар орталық мемлекеттік мұрағатының, ҚР Президенті мұрағатының, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының, ҚР Орталық мұрағатының, Археология және деректану ұлттық орталығының, Мемлекет тарихы институтының, ҚР Ұлттық мұрағатының, ҚР Ұлттық кітапханасының, ҚР Орталық мемлекеттік мұражайының мамандары мен белгілі ғалымдары, сондай-ақ Қазақстанның жоғарғы оқу орындары мен түрлі ғылыми мекемелердің қызметкерлері қатысуда. Бұған қоса, Қырғызстаннан, Түркиядан археолог мамандар осы жиынға арнайы келіпті.«Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы еліміздің ғылыми және мәдени дамуындағы күшті серпіліс болды. 2004 жылдан бастау алған бағдарлама әлемде теңдесі жоқ жоба болып табылады. Қазіргі таңда «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды, жаңа зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қазақстандық ғылым құнды еңбектермен толықты.Аталмыш бағдарламаның жүзеге асуына Қазақ ұлттық университетінің тарихшы, археолог, этнолог, журналист, филолог, шығыстанушы, заңгер секілді жетекші мамандары елеулі үлес қосты», - деді өз сөзінде университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Н. Темірбеков.Конференция барысында «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырудағы университет ғалымдарының және әлемдік ғылыми қауымдастықтың жетістіктері қарастырылады және бағдарламаның екінші кезеңін дайындауға байланысты туындаған бірқатар мәселелер талқыланып, алда тұрған шаралардың жоспары белгіленеді.Халықаралық конференция аясында ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми жаңалықтары мен басылымдарының көрмесі ұйымдастырылды.