Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жемқорлықпен күрес жұмыстары нығайтылуда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті белсенді түрде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын белсенді жүзеге асыруда. Еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орнының негізгі даму векторы туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Мекебаев айтты.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жемқорлықпен күрес жұмыстары нығайтылуда

Оның сөзінше, «Мемлекетті кәсібилендіру» бірінші реформасына сай ҚазҰУ-да нәтижеге бағдарланған басқарма енгізілген.
Қазіргі таңда университетте жұмысты бағалаудың рейтингтік жүйесі қолға алынған. Корпоративтік мәдениет бойынша маңызды құжаттар қабылданған. Олар: «Мұғалімдер мен қызметкерлердің мәдени корпоративтк кодексі», «Студенттердің адалдық кодексі», «Жемқорлықсыз университет» сияқты құжаттар.

«Жемқорлықсыз университет» жобасы «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту» атты 13-қадамды жүзеге асыру аясында қолға алынғанын айта кету керек. Аталмыш жоба аясында басқару қызметіндегі жемқорлыққа қарсы механизм жолға қойылып, оқу үдерісіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар енгізілген.

Университетте «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» атты екінші реформа аясында жастарды белсенді азаматтық ұстаныммен тәрбиелейтін Педагогикалық тәлімгер институты жұмыс істеуде.

Үшінші реформа - «Индустрияландыру және экономикалық өсім» жобасын жүзеге асыру мақсатында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы білім беру мен ғылым жүйесін жаңарту мәселесін талқылауда.

ҚазҰУ-да «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші реформа аясында инновациялық әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Олар: Al-Farabi university smart city, «Айналаңды нұрландыр!», «Мен жастарға сенемін!» жас студенттердің патриоттық фестивалі, «100 кітап» және тағы басқалар бар.

ҚазҰУ ұжымы «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деген бесінші реформа аясында басқарудағы ашықтықты дамыту, яғни әлеуметтік ынтымақтастық негізінде оқу орнын басқаруда қоғамдық және кәсіби бірлестіктерге қатысуды кеңейту мәселесін шешуде.
«Аталған жұмыстардың барлығы ҚазҰУ-дың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға, біздің университетте әлемдік білім және ғылым талаптарын дамытуға бағытталған», - деп атап өтті профессор.

Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - Қазақстандағы алдыңғы әрі көп салалы жоғары оқу орны. Білім ошағы Алматы қаласында орналасқан. Университет кешені 90 гектарды алып жатыр.