Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары ҚР Президенті атындағы стипендия иегері атанды

МАТЫ. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Ақордада Елбасы Н.Назарбаев Президенттік стипендиямен және төсбелгілермен марапаттаған республикамыздағы ең үздік он магистранттың арасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қос студенті бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары ҚР Президенті атындағы стипендия иегері атанды

Олардың бірі Диляра Копытина - биология және биотехнология факультетінің «Биотехнология» мамандығының, ал Диана Бүрлібаева - география және табиғатты пайдалану факультеті «Гидрометеорология» мамандығының магистранты. Диляра 2008 жылдан бастап Биология және биотехнология институтының негізгі ғылыми жобаларына қатысып, жұмыс істеуде. Биология бойынша республикалық ғылыми олимпиадасының 2009 жылдың жүлдегері. 2010 жылдан бастап биология және биотехнология факультетінің биотехнология кафедрасының магистранты. Ғылыми жұмысы маңызды жеміс-жидек дақылдарының вирустарынан туындайтын проблемаларды зерттеу мен жоюға арналған. Қазіргі кезде жүзім вирустарының қазақстандық тест-жүйелерін шығару жұмысымен айналысады.

Екінші стипендиат - Диана Бүрлібаева, бакалавриатта оқып жүргенде Алматы қаласының су тұтыну мен суды пайдалану мәселелерін зерттеп, сол жұмысы үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің 1-ші дәрежедегі дипломымен марапатталған. Дипломдық жұмысы Ертіс, Есіл, Тобыл өзендерінің гидрохимиялық өзгеруін зерттеуге арналған. Қазіргі таңда география және табиғатты пайдалану факультетінің магистратурасында оқып жүріп, зерттеу объектісі ретінде Қазақстанның барлық негізгі өзендерін алып, осы ғылыми жұмысын жалғастыруда. 2008 жылдан бастап ҚР БжҒМ География институтының ғылыми жобаларына қатысушысы.

Еске сала кетейік, Елбасы степендиясын иеленген 10 магистрант 7000 үміткердің арасынан таңдалған. Қазіргі кезде ҚазҰУ-дың 14 факультетінде 19 мыңнан аса студент білім алуда. Президент қойған талап негізінде әлемдік топ-университеттер қатарына кіру мақсатында бүгінде оқу орнында ұлттық зерттеу университетіне айналу жұмыстары жасалып жатыр. Биыл ҚазҰУ Quacquarelli Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің зерттеулеріне сәйкес, дүние жүзі деңгейіндегі университеттер көрсеткіші бойынша әлемдік топ-университеттер рейтингінде 200 орынға жоғарылап, 401-450 дәрежеге енді. Бұл ретте ҚазҰУ әлемдік үздік университеттердің ортаңғы бөлігіне жақындаған Орталық Азиядағы тұңғыш университет болып табылады.