13:42, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің пәндік олимпиадасы басталды
АЛМАТЫ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «ҚазҰУ-нің пәндік олимпиадасы» атты жаңа жобаны қолға алды. Еліміздің оқушыларына сапалы білім беруге мүмкіндік беретін жобаның ашылу рәсімі Алматыда ҚазҰУ ғимаратында өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл шара ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бастау алуда. Пәндік олимпиада аясында университеттің ең үздік профессорлары еліміздің барлық облыс орталықтарына арнайы іссапармен барады. Сапардың негізгі мақсаты шет аймақтарда тұратын дарынды балалар үшін Алматы қаласына келмей-ақ Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсуге мүмкіндік туғызу. Олимпиадаға Қазақстанның барлық аймақтарынан оқушылар қатыса алады. Осы арқылы дарынды талапкерлер университеттің болашақ студенттері ретінде алдын-ала іріктеледі. Сынақтардың қорытындысы сәуірдің 16-да анықталып, нәтижесінде үздік шыққан оқушылар олимпиаданың жабылу салтанатына қатысады.Олимпиада қазақ тілі, орыс тілі, қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі, математика, физика, химия, биология, тарих (Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы), география пәндері бойынша өтпек. Әр пәннің тапсырмалары 9, 10, 11 сыныптардың мектеп бағдарламасын қамтиды. Сынақтар екі тілде ? қазақ және орыс тілінде өтеді. Айтып өтер тағы бір жәйт, тақырыптық олимпиада интерактивті түрде, яғни он-лайн режимінде ұйымдастырылатын болады.