"Әл-Фараби" олимпиадасының ашылу салтанаты өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Олимпиаданың ашылу салтанатына аталмыш оқу орнының басшылары, облыстық білім басқармасының өкілдері, сондай-ақ, аудандық білім басқармасы басшылары мен мектеп директорлары қатысты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Мұрат Орынхановтың айтуынша, биыл олимпиадаға қатысушылардың саны екі есеге артқан. «Өткен жылы олимпиадаға қатысуға 5 900 өтініш берілсе, биыл 11 954 өтініш түсті. Қатысушы мектептердің саны 523-тен, 996 -ға жетіп отыр. Оқушылардың көпшілігі 2009 жылы география пәні бойынша қатысуға ұсыныс берсе, биыл көбі физика пәніне қатысуға ынта білдіріп отыр. Ертең, яғни ақпанның 17-нен бастап Астана қаласы мен еліміздің барлық облыс орталықтарында олимпиадалық жарыстар басталады. Бұл олимпиада республика бойынша талантты және дарынды оқушыларды іріктеп ғана қоймай, оқушылар үшін, беделді саналатын, 151 мамандыққа дайындайтын ҚазҰУ-ті түсуге тағы бір мүмкіндік болады. Өйткені, біз биыл да тегін оқу гранттарын ұсынып отырмыз», деді Қазақ ұлттық университетінің проректоры Мұрат Орынханов.
Қазақ ұлттық университеті, Білім және ғылым министрлігі, ҚазҰУ түлектер қауымдастығы және Мансап секторының тұрақты серіктестері - «Кар-Тел», «Beeline», «Microsoft Kazakhstan», «ҰК Казатомпром» АҚ компанияларының қолдауымен өтіп жатқан шара қатысушылары 14 пән бойынша бақтарын сынайды. Наурыз айының 13-не дейін университеттің үздік профессорлары Қазақстанның барлық аймақтарына барып, ең үздік оқушыларды анықтайды. Олимпиада нәтижесі бойынша үздік мектептердің рейтингісі де анықталатын болады.
Жеңімпаздар, сонымен қатар, олимпиадада жақсы көрсеткіштерге ие болған мектептер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Мектеп олимпиадасының жабылу салтанаты сәуір айының 17-де өтеді.