Әл-Фарабидегі жол апаты: куәгер Zeekr жүргізушісінің жағдайын сипаттады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына байланысты сот Алматыда өтіп жатыр.

Әл-Фарабидегі жол апаты: куәгер Zeekr жүргізушісінің жағдайын сипаттады
Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform

Сот отырысында оқиға орнына бірінші болып жеткен полиция қызметкерлерінен жауап алды. Патрульдік полиция инспекторы Дархан Нұрғалидың айтуынша, 21 наурызға қараған түні ол әріптесімен бірге Әл-Фараби даңғылы мен Назарбаев көшесінің қиылысында кезекшілікте болған. Түнгі сағат 3-ке таяу тәртіп сақшылары қатты соққының дыбысын естіп, дереу апат болған жерге қарай бет алған.

Әл-Фарабидегі жол апаты: куәгер Zeekr жүргізушісінің жағдайын сипаттады
Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform

— Оқиға орнына бірден жеттік. Әріптесім жедел жәрдем шақырды, қасымда бір тұрғын болды, екеулеп Zeekr автокөлігінің ішінен бір адамды суырып алдық. Ол есін біліп жатты, бірақ қойылған сұрақтарға жауап бере алмады. Денесінің қай жері ауырып тұрғанын білгім келді. Спирттік ішімдіктің иісі сезілді ме? Шынымды айтсам, ол сәтте біз алкогольдің немесе басқа нәрсенің иісін сезетіндей күйде болған жоқпыз. Көп ұзамай жедел жәрдем келіп, оны алып кетті. Көлік мүлдем қирап қалған, алдыңғы бөлігі мүлдем жоқ еді, — деді полицей.

Кейін сот қайғылы жағдайдың алдында ғана «У Афанасича» мейрамханасында Александр Пакпен бірге болған басқа да куәгерлерден жауап алды. Куәгерлердің бірі, сотталушының әріптесі, бастапқыда үйде болғанын, бірақ кейін достары дәмханаға шақырғанын айтты. Алдымен бас тартқанымен, қайта телефон соққаннан кейін кешкі сағат 22:00 шамасында оларға қосылған. Мейрамханаға Kia автокөлігімен келген, бірақ сол сәтте оның жүргізуші куәлігі болмаған. Бұған дейін ол 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылған және бұл шектеу мерзімі ол кезде әлі аяқталмаған екен.

Сондай-ақ ол 4 жыл бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған кезеңде машина басқарғаны, сонымен қатар қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мойындады.

Жәбірленуші тарап адвокатының «Заң бұзушылық жасау кезінде сізде мұндай жазасыздық сезімін кім қалыптастырды?» деген сұрағына куәгер нақты жауап бере алмады.

— Маған ешкім мұндай сенім берген жоқ. Шын мәнінде құқық бұзушылық жасайын деген ойым болмаған. Бірақ заңды бұзғаным рас, — деді ол.

Қос тұтас сызықты кесіп өтуге қатысты нақтылау сұрағына ол көліктердің арасында нешінші болып шыққаны есінде жоқтығын айтып, бұл ауданды нашар білетіндіктен, тек алдындағы машиналардың соңынан ілесе бергенін жеткізді.

Екінші куәгер жауап алу барысында Пакты 2016 жылдан бері танитынын атап өтті. Ол да достарымен бірге демалғанын, бірақ ешқандай ішімдік ішпегенін мәлімдеді. Кейін олар мейрамханадан бірге BMW M5 көлігімен кеткен. Оның айтуынша, ол дәмханадан төртінші немесе бесінші болып — көлік тізбегінің ортасында шыққан. Одан әрі олар Достық даңғылымен жүріп, кейін Әл-Фарабиге бұрылып, көпірдің астынан кері айналған.

Меңдіқұлов көшесіне таяғанда ол жол апатының салдарын көріп, зардап шеккендерге көмектесу үшін тоқтаған. Бұл уақытта адамдар жинала бастап, полиция да жеткен екен. Ол апатқа ұшырағандар өзінің таныстары болуы мүмкін деп мүлдем ойламаған.

— Содан кейін біз кетіп қалдық. Қасымда мейрамханада бірге болған бір қыз отырды. Біз Есентай жаққа қарай бет алдық. Кейін маған телефон соғып, бұл біздің достарымыз екенін айтты. Мен бірден артқа бұрылдым. Назарбаев көшесінің бойына көлігімді тастап кеттім, өйткені жол жабылған еді. Меңдіқұлов көшесіне қарай жүгіріп барып, жедел жәрдем көлігінің ішінен досымды көрдім. Мен де ішіне отырдым, содан соң ауруханаға бірге бардық. Ол ештеңе айтпады, есеңгіреп қалған, беті-аузы, еріндері қан-жоса болатын, — деді ол.

Одан бөлек ол мейрамханадан шығар тұста тұтас сызықтан бұрылып, жол жүру ережесін бұзғанын ашық айтты. Осы әрекеті үшін ол айыппұл арқалап, жүргізуші куәлігінен айырылған.

— Уақыт түнгі сағат үш-төрт шамасы еді. Көше жым-жырт, мүлдем бос болды. Үйге тезірек жеткіміз келіп, жолды қысқартпақшы болдық, — деді куәгер.

Еске салайық, бұған дейін Әл-Фарабиде даңғылында болған жол апатының бейнежазбасы сотта көрсетілді. Сондай-ақ куәгер Адам Мархиевтен жауап алынды.

Сондай-ақ бірнеше куәгер сотта жаңа деректермен бөлісті.

Одан бөлек бүгінгі сот отырысында үшінші жәбірленуші де Пакке кешірім берді.

Бұған дейін сотта тағы екі жәбірленуші айыпталушыға кешірім берген болатын.

2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.