Әл-Ғани мешітінде Ораза айт мерекесіне орай қайырымдылық акциясы өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Әл-Ғани мешітінде Ораза айт мерекесіне орай қайырымдылық акциясы болып өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған шараны өткізуге «Астана қалалық өзбек этномәдениет орталығы» мұрындық болған.
None
None

«Біз барша қазақстандықтарды қасиетті мейрам - Ораза айтпен құттықтаймыз. Еліміздің әрбір шаңырағында мейірім мен бейбітшілік болсын. Бүгінгі қайырымдылық акциямыз ұлық мейрам Ораза айтқа байланысты өткізіліп отыр. Оған еліміздегі қарттар үйінің тұрғындарын, аз қамтылған отбасыларды, сонымен бірге мешітке келуші жамағатты шақырып отырмыз», - дейді өзбек этномәдени орталығының басшысы Шерзод Пулатов. Оның айтуынша, осындай игі шаралар Қазақстандағы татулықтың тірегіне айналып, ұлттар арасындағы достықты нығыздай түседі. Шараға шамамен екі жүзден астам адам қатысуда.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы барысында «Үлкен ел - үлкен отбасы» акциясын өткізуді тапсырған болатын. «Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін арнайы бағдарлама әзірленуі керек. Ассамблеяның мемлекеттік ішкі саясатты жүзеге асыруға қатысуы - бірқатар жалпы мемлекеттік міндеттерді шешуге үлес қосар еді. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Үлкен ел - үлкен отбасы» деген акция ұйымдастыруымыз керек», - деген еді Президент Н.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар