«Әл-Каеда» көшбасшысының інісі мұсылмандар мен Батысты татуластырудың жолын ұсынды

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Әл-Каеда» көшбасшысы Айман әл-Завахиридің інісі Мұхамед әл-Завахири мұсылмандар мен Батысты татуластырудың жобасын жасап шықты. Бұл туралы ол CNN телеарнасына берген сұхбатында айтқан.

«Әл-Каеда» көшбасшысының інісі мұсылмандар мен Батысты татуластырудың жолын ұсынды

Мұхамед әл-Завахиридің айтуынша,  ол қазір ағасымен тығыз байланыста және тек ол ғана «Әл-Каеда» көшбасшысын Батыспен бітімге келуге шақыра алады. Дегенмен ол өзінің ұсыныстары кейбір радикалды исламистерге ұнамай қалуы мүмкін екендігін де жасырмайды.

Өзінің 6 беттік бейбітшілік келісімінде  Мұхамед әл-Завахири белгілі бір талаптар орындалса, кемінде 10 жылдық бейбітшілік орнауы ықтимал екенін айтады. Талаптар тізімінде АҚШ пен батыс елдерінің ислам елдерінің аумағына басып кіруін тоқтату, АҚШ-та тұтқында жатқан барлық мұсылмандарды босату және мұсылман елдердің білім беру саясатына АҚШ-тың араласпауы сияқты бірқатар шарттар қойылған. Ал мұсылмандардан  Мұхамед әл-Завахири АҚШ пен Батысты арандатпау, олардың мұсылман әлеміндегі лигитимдік қызығушылықтарына қол сұқпау сияқты жеңілдіктерге баруды сұрайды. 

Мұхамед әл-Завахири 1999 жылы лаңкестікке және Мысырдың бұрынғы президенті Анвар Садатты өлтіруге қатысы бар деген айыппен түрмеге түскен болатын. Ал 2011 жылдың наурызында түрмеден шығып, ілі-шала қайта қамалған. 2012 жылдың көктемінде лаңкестікке қатысы жоқтығы дәлелденіп, біржола бостандыққа шыққан.

Айман әл-Завахири 2000 жылдардан бастап «Әл-Каедада» Осама бен Ладеннен кейінгі екінші адам болып саналады. 2011 жылдың маусымында бен Ладен өлтірілген соң, ол «Әл-Каеда» тізгінін өз қолына алды.