«Әл-Каида» көшбасшысы жихадшыларды Башар Асадқа қарсы бірігуге шақырды

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Танымал интернет-порталдардың бірі арқылы «әл-Каида» лаңкестік ұйымының көшбасшысы Айман әл-Завахири Сирияда жанжалдасып жатқан жихадшылар мен исламшылдарға тез арада өзара соғысты тоқтату жөнінде аудиоүндеу жолдады.

«Әл-Каида» көшбасшысы жихадшыларды Башар Асадқа қарсы бірігуге шақырды

Араб елінің бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Сирияда «әл-Каида» ұйымының бір саласы «Джебхат ан-Нусра» мен «Ирак пен Левантаның Ислами мемлекеттері» арасында қақтығыстар орын алуда. А.Әл-Завахири өзінің үндеуінде содырларды бір ғана жауға - «Сирия президенті Башар әл-Асадтың режиміне қарсы бірігуге» шақырады.

Айта кетейік, үш жылдан бері Сирияда сүнниттік ислам топтарынан құралған оппозициялық күштер мен Сирия үкіметінің жауынгерлері арасында қарулы қақтығыстар жалғасып келеді. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, осындай кикілжің салдарынан 100 мыңнан астам адам қайтыс болған.