«Әл-Каиданың» ең қауіпті лаңкестерінің бірі Түркияда ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2012 жылы Ливиядағы америкалық консулдыққа шабуылды ұйымдастырды деп күдіктелген Абд әл-Бaсeт Аззуз Түркияда ұсталып АҚШ-қа берілді, деп жазды шетелдік БАҚ.
Басылым деректеріне қарағанда, жалған құжатпен Түркияда мекендеген Аззуз 13 қарашада Түркияның солтүстік-батысындағы Ялова провинциясында ұсталды. Ол 24 қарашада Иорданияға шығарылып, кейін АҚШ-қа аттандырылды.
Газетте сонымен қатар, Аззуз Ливиядағы «Әл-Каида» лаңкестік тобының жаттығу лагерін басқарған.
80-жылдары Аззуз Ауғанстанда кеңес әскерлеріне қарсы күрескен. 1994 жылдан Ұлыбританияда тұрған. 2006 жылы лаңкестік әрекетке қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Алайда кепілдік арқылы босатылып, Ливияға қашады. Мұнда 2011 жылдан «Әл-Каида» содырларын жинаумен және жаттықтырумен айналысқан. АҚШ Аззузды ең қауіпті халықаралық лаңкестердің ондығына кіргізген.
2012 жылы қыркүйекте Бенгазидегі америкалық консулдыққа жасалған шабуыл салдарынан төрт америкалық қаза тапты, солардың ішінде Ливиядағы АҚШ елшісі Кристофер Стивенс болған.