Альварес GGG-ді тағы алдап кетті ме
Кәсіпқой бокс мамандары ол жоспарды қаламауы да мүмкін. Дегенмен, олар өз болжамдарын жасау арқылы жанкүйерлерді алдағы өзгерістерге дайындап отырады. Салиқалы сараптама жасаймыз деп, Альвареске қолайлы жағдай жасап жатады, оның көздеген мақсатына жетуіне еріксіз жәрдемдеседі. ҚазАқпарат тілшісі болжам жасаудан бұрын реваншқа қатысты әңгіменің қалайша өзгергенін жеткізіп көрді.
Иә, қазіргі кәсіпқой бокстың философиясы түбегейлі өзгерді. Белбеуден бұрын бизнестің беделі басым. Оны Головкин мен Альварес арасындағы алғашқы жекпе-жекке дайындық шараларынан бастап төрешілердің шешіміне дейінгі әділсіздіктен анық байқауға болады. "Канелоның" бірде-бір белбеуі жоқ. Былтыр Бүкіләлемдік бокс кеңесі оны Головкинге қарсы шығуға міндеттегенде WBC атағынан өз еркімен бас тартты. Сол үшін талай рет жанкүйерлердің сынына ұшырады, GGG-ден қашын жүрген қорқақтың деңгейіне түсті. Соған қарамастан, Golden Boy алғашқы жекпе-жекті толығымен өзі ұйымдастырды. Головкиннің промоутерін жақындатқан да жоқ. Былайша айтқанда, қазақстандық боксшының төрт бірдей белбеуі бар болса да, барлығы Альварестің, нақты айтсақ, оның ресми өкілі Оскар Де Ла Хойяның айтқанымен өтті. Головкинді екінші орынға ысырып қойғаны сонша, бір бағдарламаға келгенде Альварес баннерде өзінен бұрын GGG-дің тұрғанын көріп, оны өзгертуді талап еткен. Әйтпесе, бағдарламаға қатыспаймын деп шықты. Ұйымдастырушылар мексикалық жұлдыздың талабын орындауға мәжбүр болды. Головкин ештеңе айта алмады. Себебі барлық шараларға Golden Boy жауапты.
Головкин мен Альварес арасындағы алғашқы жекпе-жектің тағы бір қисынға келмейтін тұсы - реваншты талап ету құқығы. Ондай мүмкіндік тек Альвареске ғана берілді. Ал GGG ұтылған жағдайда қарымта жекпе-жекті талап ете алмайды. Келісімнің дәл осы тармағы қисынға да, бокс дәстүріне де кереғар. Реваншты талап ету құқығы алдымен чемпионға беріледі. Бұл - кәсіпқой бокстың жазылмаған заңы, бұрыннан келе жатқан дәстүрі. Өйткені чемпиондық дәрежеге жету оңай емес. Ал реваншқа қатысты талапты алдымен чемпиондарға беру - олардың жетістіктеріне деген құрметтің белгісі. Чемпион реванш үшін жас боксшының артынан жүгірмейді. Сондықтан ұтылған жағдайда қарымта жекпе-жекті талап ете алады.
Головкин төрт бірдей белбеудің иегері болып саналады. Мейлі, бір титулды Альварестің өзі жекпе-жексіз берсе де, қалған үш атақтың салмағы аз емес. Соған қарамастан, Golden Boy-дың жігіттері кәсіпқой бокстың дәстүрін де, тариxын да ысырып қойып, "Канелоның" жағдайын жасап берді, талапты орындайтын емес, сол талапты қоятын дәрежеге дейін көтерді. Ал Геннадий Головкин бәріне шыдауға мәжбүр болды. Бокс дәстүрін қатты құрметтесе де, Альварестің талабына мойынсұнды. Себебі оның фан-базасы мықты, ақылы трансляцияларды (pay-per-view) сатып алатын жанкүйерлері де көп. Демек, ақшасы да басым. Оған қоса, GGG уақытты созуға болмайтынын жақсы түсінеді. Өзінің жасы 35-те, ал мексикалық боксшы 27-ге енді келді. Дегенмен, алдағы уақытта Сауль Альварестің командасы дәл осы факторды барынша пайдалануды көздеп отыр.
Қыркүйек айында болған алғашқы жекпе-жектен кейін екі жақ та көпке созбай, реваншты өткізу керектігін мәлімдеді. Уақытын да белгіледі. Екі боксшы келесі жылы мамырдың 5-сі күні кездеседі деп жар салды. Себебі ол күні Мексиканың ұлттық күні тойланады. Аталған мерекенің сенбіге түскені де жақсы болып тұр. Альварестің жағы қарымта жекпе-жекті талап еткені сонша, Головкиннің аралық кездесулерді өткізуіне де қарсы болды. Жарақат алып қалса, мамырда шықпай қала ма деп, әбден алаңдады. Бірақ бертін келе, Golden Boy-дың ұстанымы түбегейлі өзгерді. Енді, олар желтоқсанның 16-сы күні болатын Давид Лемье мен Билли Джо Сондерстің жекпе-жегін күтейік деп отыр. Аталған айқаста WBO атағы сарапқа салынады. Головкинге абсолютті чемпион болу үшін дәл сол белбеу жетіспей тұр. Golden Boy осыны жақсы біледі. Сол себепті Сондерске қарсы өз боксшысын шығарып отыр. Ал Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы реваншқа қатысты келіссөздер әзірше тоқтап қалды. Оскар Де Ла Хойяның айтуынша, келіссөздер Лемье-Сондерс жекпе-жегінен кейін жалғасады.
Golden Boy өз қулығын ашық айтпаса да, шетелдік сарапшылар Альварестің жоспарын түсінген сияқты. Boxingnews24.com-ның шолушысы Шон Джонстың ойынша, Лемьенің арқасында Golden Boy "Канело" мен GGG-дің реваншына қатысты өз талаптарын күшейте алады. "28 жастағы Лемье - Golden Boy-дың боксшысы. WBO белбеуін тартып алса, оны "Канелоға" қарсы шығарып, мамырдағы Синко де Майода осы екі боксшының жекпе-жегін ұйымдастыруға болады. Мексикалықтар ондай жаңалықты қуана қарсы алады. Ақша да көп түседі. Оскар Де Ла Хойя осыны жақсы біледі. Асықпай отырғаны да сол. Олар Головкинге ультиматум қоя алады. Қазақстандық боксшы мексикалық боксшымен кездесу үшін тиісті талаптарды орындайды. Оған келіспесе, Альварес мамырда канадалық Давид Лемьемен кездеседі. "Канело" WBO белбеуін жеңіп алса, фанаттардың алдында өз беделін де көтере алады", - дейді Шон Джонс.
Golden Boy қандай талап қоюы мүмкін? Әрине, олар ең алдымен реваншты тағы да Лас-Вегаста өткізуге тырысады. Головкиннің командасы болса, ол бастамаға қарсы. Алғашқы жекпе-жектің төрешілігі қайталана ма деген күдік бар. Сол себепті қарымта жекпе-жекті АҚШ-тың Даллас қаласында, я болмаса, Нью-Йоркте өткізгенді қалайды. Екі жақ осы іспетті мәселелер бойынша бір келісімге келмесе, мамырда Головкин мен Альварестің реваншы өтпеуі де әбден мүмкін. Сөз жоқ, "Канело" еш ұтылмайды. Себебі жақсы гонорармен бірге WBO атағына ие болады. Ал Лемьенің Golden Boy командасына кіретінін ескерсек, "Канелоның" өз жоспарын іске асыра алатынына күмән жоқ.
Давид Лемье WBO белбеуін алып бере алмаса, Билли Джо Сондерстің өзі Альвареспен кездесуге қарсы емес. "Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды" демекші, Golden Boy-дың алдағы сценарийін Сондерс те білетін сияқты. Жақында ол Альвареске қарсы шығуға дайын екенін мәлімдеді. Алайда "Канело" - GGG арасындағы соңғы жекпе-жектегі төрешілік қайталана ма деп, күдіктеніп отыр. Оның ойынша, Golden Boy WBO титулын «ұрлап» кетуі әбдін мүмкін. «Мен әділ төрешіліктің болғанын қалаймын. Америкаға баруға дайынмын. "Канелоға" WBO белбеуі үшін таласуға мүмкіндік те беремін. Олар ойлайтын шығар, мені сол жақта оп-оңай тонай салады. Алайда ол жекпе-жекті барша әлем көреді. Жанкүйерлер ондай ұрлыққа жол бермейді», - деді Сондерс.
Головкин ше? Әрине, Геннадий аралық жекпе-жекті өткізуге мәжбүр болады. Қазіргі оппоненттердің ішінде Риота Мурата, Джермалл Чарло мен Дэниэл Джейкобс бар. Жапониялық Мурата WBA тұжырымы бойынша міндетті үміткер болса, америкалық Джермалл Чарло - WBC-дің кандидаты. Ал Дэниэл Джейкобс реваншқа қол жеткізе алады. Алайда оған алдымен Луис Ариасты жеңу керек. WBC басшылығы алдымен Головкин мен Альварестің реваншын өткізу керектігін мәлімдеді. Демек, Джермалл Чарлоға күтуге тура келеді. Оған қоса, GGG-дің бапкері Абель Санчес Чарло сияқты боксшыларға әлі де тәжірибе жинау қажет деп санайды. Сондықтан Головкин жапониялық Риота Муратамен кездесуі әбден мүмкін. GGG-дің командасы да Жапонияда үлкен бокс кешін ұйымдастыруға қарсы емес.
Негізі, Геннадий Головкиннің промоутері Том Лёффлер де реваншқа қатысты нақты келісім болмаса, басқа жекпе-жектерді өткізуге тура келетінін мойындап отыр. «Реваншты ұйымдастырсақ, жекпе-жек мамырдың 5-сі күні өтеді. Ол күні өткізе алмасақ, Геннадийдің жекпе-жегін наурызда немесе сәуірде ұйымдастыру бойынша HBO-мен келіссөздер жүргіземіз», - деп атап өтті Лёффлер The Ring журналына берген сұxбатында.
Шыны керек, бүгінде сарапшылар ғана емес, кәсіби бокс майталмандары да реванштың мамырда өтетініне сенбейді. Өйткені Альварестің менеджменті тағы бір тамаша жоспарды іске асырғалы отыр. Golden Boy алғашқы жекпе-жекке қатысты xалықтың барлық наразылығын бір судьяға қалай бұрса, осы жолы да реваншқа дейінгі уақытты созудың амалын шебер тауып отыр. Головкин бір жылдан кейін 36-ға келеді. Альварес болса, өз дайындығын ұштап қана қоймай, реваншқа чемпиондық титулмен шыға алады. Әйтпесе, алғашқы жекпе-жекте ол The Ring журналының арнайы белбеуімен шыққан еді. Оның өзі рингке құрқол шықпаудың амалы болған сияқты.
Осылайша, Головкин-Альварес реваншы тағы бір жылға созылатын сияқты. Альварес мамырда Лемьемен кездесемін деп, бір талап қойса, WBO белбеуін жеңіп алғаннан кейін одан бетер күшеюі бек мүмкін. Головкин болса, ештеңе істей алмайды. Себебі реваншты талап етуге құқығы жоқ...