Альварестің GGG-ді кекеткені біраз роликтердің өзегіне айналды

АСТАНА. ҚазАқпарат - YouTube видеохостингінде Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жекке арналған кезекті проморолик жарияланды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Альварестің GGG-ді кекеткені біраз роликтердің өзегіне айналды

Бейнебаянның авторы екі боксшының нокауттарын топтастырып қана қоймай, Альварестің соңғы жекпе-жектен кейін Головкинді кекеткен жерін де көрсетті. Чавеске қарсы жекпе-жек аяқталған бойда Сауль Альварес қазақстандық боксшы Геннадий Головкинді өзінің келесі қарсыласы ретінде таныстырған болатын. Головкин рингке шығып, сұxбат бергенде Альвареске сәттілік тіледі. Ал мексикалық боксшы: «Сәттілік тек орташа адамдарға ғана керек!», - деп жауап қайтарған. «Канело» осы сөзімен Головкинді төмендетіп, өзін орташа адамдардан жоғары екенін көрсетуге тырысты.

Айта кетейік, Альварестің GGG-ді кекеткен жері осымен бірнеше бейнебаяндардың өзегіне айналып отыр. Бұған дейін шыққан промороликтерде дәл сол сәтті дауысын шығарып тұрып, субтитрмен бірге берген. Себебі Альварес көбінесе өз тілінде сөйлейді. Сол үшін талай рет америкалық журналистердің сынына ұшыраған.