13:16, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
«Альянс Банкі» ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында азаматтардан өтініштерді қабылдай бастады
АЛМАТЫ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Жәзира Жаңабаева/ - «Альянс Банкі» кеше, наурыздың 10-ынан бастап ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мемлекеттік бағдарламасына қатысқысы келетін азаматтардан өтініштерді қабылдай бастады.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры» АҚ Банкке 14 млрд. теңгеге жуық сома бөліп отыр. Бұлар ұзақ мерзімді банк салымы түрінде Альянс Банкінде орналастырылды. Банкте салымды орналастыру мерзімі 20 жылды құрайды, ал алынған қаражатты Банк жинақтаушы шотқа ақша түскен сәттен бастап үш күнтізбелік ай ішінде игеруге міндеттелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Ипотекалық несилерді қайта қаржыландыру бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасы болып табылады. Бұл отандық борышкерлердің ипотекалық займдар бойынша үстемақы мөлшерлемесін төмендету есебінен қарыздық міндеттемесін азайтуға бағытталған. Бағдарламаның шарттарына сәйкес, қайта қаржыландырылатын ипотекалық несиелер тұрғын үйді сатып алуға берілген, үйдің ауданы 120 шаршы метрден аспай және борышкердің жалғыз жылжымайтын мүлігі болуы тиіс. Бағдарламаға қатысудың тағы бір міндетті шарты ? борышкердің жағымды несиелік тарихы.Альянс Банкінің Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Мақсат Қабашев «біз Үкіметтің бұл бастамасын толықтай қолдаймыз, өйткені оның негізінде әлемдік қаржылық дағдарыс салдарынан зардап шеккен көптеген азаматтарымыздың қиындықтарын жеңілдететін адами ұмтылыс жатыр. Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы арқылы борышкерлердің қарыз міндеттемелері азайып, нәтижесінде олар өз ипотекалық несиелері бойынша азырақ төлейді. Ал халықтың қазіргі табыстарының төмендеуі кезінде бұл өте қажетті шара», деп атап көрсетті.«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-мен қол қойылған банк салымы жөніндегі келісімнің шарттарына сәйкес, Альянс Банкі алынған қаражатты ипотекалық несиелердің негізгі қарыздарын қайта қаржыландыруға жұмсамақ, яғни есептелген үстемақы есепке алынбайды.Бағдарлама аясында бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне (мемлекеттік қызметкерлер және мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысшыларына) берілген ипотекалық несиелерді де қайта қаржыландыру көзделіп отыр. Бұл займдар бойынша үстемақы мөлшерлемесі жылдық 9 пайызды құрап отыр. Несие алушылардың басқа топтарына қайта қаржыландыру займдары бойынша жылдық үстемақы 11 пайызға теңеледі.