Альянс Банкі студенттерді несиелендіретін болады
АЛМАТЫ. Наурыздың 26-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ –Альянс Банкі жоғары білім алу үшін жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасына қатысқысы келетін студенттерден өтініштерді қабылдап жатыр.
Бағдарламаға қатысатын барлық 64 жоғары оқу орнында арнайы жұмыс орны ұйымдастырылды, онда жеңілдетілген несие алуға өтініштер мен барлық қажетті құжаттар қабылданады. Бұл жайында Альянс Банкі өкілдерінің өткізген арнайы баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жинақталған құжаттар Альянс Банкінің несиелік комитетінің қарауына жіберілетін болады. Бұл комитет жоғары білім алуға арналған несиелерді беру жөнінде шешім қабылдау бағытында жұмыс істейді. Осыған дейін де хабарланғанындай, студенттерді жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы Елбасы тапсырмасымен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының және Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің бірлесуі арқылы жасалған болатын. «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесінің шешімімен Альянс Банкі бұл бағдарламаның мемлекеттен бөлінетін қаржыны игеруші банк-агенті болып бекітілді. Студенттерді жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарының жоғары білімге қол жетімдігін арттыруға бағытталған. Білім беру несиелері қазақстандық жоғары оқу орындарында техникалық, жаратылыстану және медициналық мамандықтар бойынша күндізгі бөлімде оқитын студенттерге арналған. Соның ішінде жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі немесе ата-анасы мүгедек, көп балалы немесе толық емес отбасынан шыққан, ата-анасы зейнетақы жасына жеткен студенттер аталған несиені ала алады.