«Альянс Банктің» қарыз алуды қайта құрылымдау және қайта капиталдандыру жоспары мақұлданды
АЛМАТЫ. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Жәзира Жаңабаева/ - Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі 2009 жылғы шілденің 21-індегі №163 қаулысымен «Альянс Банктің» Қарыз алуды қайта құрылымдау және қайта капиталдандыру жоспарын мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Реттеуші және бақылаушы органның бұл жоспарды мақұлдауы қаржылық ұйымды сауықтыру жолындағы кезекті қадам болып отыр. Бұл құжатта Банк өзінің қарыздық ауыртпалығын азайту және меншік капиталын қажетті деңгейге қайта қалпына келтіру үшін қабылдайтын нақты қадамдарын айқындаған.
Құжатта ескерілген барлық іс-шараларды жүзеге асыру үшін Альянс Банк бірқатар заңнамалық ресімдерін өткізуі тиіс. Банктің қайта капиталдануы мен қарыздарының қайта құрылымдануы 2009 жылы қарашаның ортасына таман аяқталады деп күтілуде.