«Альянсқұрылысинвест» үлескерлердің қатысуындағы барлық тұрғын үйді 2011 жылдың күзіне дейін аяқтауға уәде етеді

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үстіміздегі жылдың басында кепілдікпен бостандыққа шыққан «Альянсқұрылысинвест» құрылыс компаниясының бас директоры Ринат Найманов, құрылыстары тұралап қалған тұрғын үй кешендерін, оның ішінде аса проблемалы саналатын - «Лесная поляна» тұрғын үй алқабын 2011 жылдың күзіне дейін толығымен салып бітіруді уәде етті.

«Альянсқұрылысинвест» үлескерлердің қатысуындағы барлық тұрғын үйді 2011 жылдың күзіне дейін аяқтауға уәде етеді

Бүгін аталмыш құрылыс компанияның Астанадағы кеңсесінде елордалық үлескерлердің проблемалары мен олардың шешілу жолдарын жария етуге арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Р. Наймановтың айтуынша, бүгінгі күні Астана қаласында құрылыстары аяқталмай қалған 30-дан астам тұрғын үй нысанында (барлығы 5 мың 329 пәтер) барлығы 4 мың үлескер бар. Үстіміздегі жылы олардың 2,5 мыңын баспаналы ету көзделуде. Р. Наймановтың нақтылап бергеніндей, 5329 пәтердің 2010 жылы - 3871-і, 2011 жылдың күзінде - 1451-і толығымен пайдалануға беріледі, солай үлескерлердің мәселесі толығымен шешіледі деп күтілуде.

«Альянсқұрылысинвесттің» қала ішіндегі құрылыс нысандарын аяқтау үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ»-ның Жылжымайтын мүлік қоры (ЖМҚ) «АТФ» банк арқылы бірнеше траншпен 6,6 миллиард теңге бағыттап отыр. Сондай-ақ ЖМҚ, тұрғын үй құрылыстарының жалғасуына - бос тұрған пәтерлерді сатып алу арқылы қолғабыс етуде. Сондай-ақ құрылыс компаниясына құтқару қолын созғандардың бірі «АТФ» банк болды. Қазір аталмыш Банктың тікелей қаржыландыруымен бірнеше түрғын үй кешенінің құрылысын мәреге дейін жеткізу мүмкін болып отыр.

«Үстіміздегі жылы «Инфинити» тұрғын үй кешенінің 1-ші және 2-ші кезектерін сонымен бірге, «Грация» ТК-нің 1-ші және 3-ші кезектерін толығымен пайдалануға береміз. Осылайша, биыл мың жарым үлескердің мәселесін шешетін боламыз. Ал 2011 жылы «Грация» ТК-ның 2-ші және 4-ші кезектерін және «АСИ 33/23» кешенін іске қосамыз», - деп атап өтті компания басшысы.

Р.Найманов, бүгінгі күні аса проблемалы құрылыстардың біріне айналған «Лесная поляна» тұрғын үй аумағының құрылысына да тоқталды. Айта кетейік, «Лесная поляна» жобасын Қазақстан Президенті мен Премьер-Министрі қызу қолдап, солай серіктес қалаға айналуы тиіс болған тұрғын үй алқабының жобасы 2006 жылы салтанатты түрде қабылданды. Жалпы аумағы 50 га жерге «эконом» санаттағы 8 мыңнан астам пәтердің құрылысын 2009 жылы аяқтап бітіру көзделген еді. Алайда бүгінгі күнге дейін жаңа шағын ауданда тек 849 отбасы ғана қоныс тойын тойлай алды.

Р.Наймановтың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта «Лесная полянаның» 2-ші және 3-ші кезектерін аяқтау үшін (2010 жылдың наурыз-тамызында) «АТФ» банктен несиелік займ тартылды, ал 4-тен 10-шы кезекке дейінгі үйлердің құрылысын бітіру үшін (2010 жылдың қазаны мен 2011 жылдың күзі) ЖМҚ-дан қосымша 13 миллиард теңгеден астам қаржы тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.

«Қазіргі уақытта ЖМҚ және «АТФ» банкімен жасалған келісім бойынша, қаржыландырудың көлемі анықталып, құжаттардың ресімдеу процедуралары жүргізілуде», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылдың қазан айында «Альянсқұрылысинвест» ЖШС-ның бас директоры Р.Найманов «Лесная поляна» тұрғын алқабындағы үлескерлердің 3 миллиард 462 миллион теңгесін мақсатсыз жұмсады деген айыппен қамауға алынған болатын. Алайда, үлескерлер мен Астана қаласы Құрылысшылары қауымдастығының өтінімдері бойынша және құрылыстары тоқтап қалған нысандарды аяқтауға Үкіметтен қаржы бөлінетін болғандықтан, Р.Наймановқа қатысты сот үкімі өзгертіліп, үстіміздегі ақпан айында ол кепілдікке босатылды. Ал қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғастырылуда.