Алақанға сыйып кететін кітап оқып көрдіңіз бе
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада көлемі алақанға сыйып кететіндей 150-ге тарта кітап бар. Жуырда коллекция жаңа туындымен толықты.

Омбылық әріптестері кітапханаға «Омбыдағы пушкиниана» миниатюралық кітабын сыйға тартты.
Миниатюрлік басылымдар оқырмандар арасында ерекше қызығушылық тудырады. Сирек кітаптар қорындағы мұндай жинақтар оқырман қолына берілмейді. Тек оқырман залында алып қарауға мүмкіндік бар.

Кітап қорының басшысы Бақытжан Бұқашеваның айтуынша, көлемі шағын кітаптардың ішінде көркем әдебиет және салалық туындылар сақталып отыр. Дені қазақ және орыс жазушыларының шығармалары. Ең кішісі Омар Хаямның 50×70 мм өлшемінде шығарылған жинағы екен. Мұнда Пушкин туралы әдебиеттер каталогы да бар.

Сирек кітаптар бөлімінің басшысы Марина Гончарова әрбір кітап өзінше құнды дейді. Халықаралық стандарттарға сәйкес, ұзындығы мен ені 3 дюйм, яғни 76 миллиметрден аспайтын кітаптар миниатюралық басылым болып саналады екен.
— Мекемеде сирек кездесетін кітаптар жинақталған бес зал бар. Онда құнды және сирек кездесетін кітаптар кездеседі. Он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында жарық көрген кітаптар бар. Авторлардың қолтаңбалары сақталған. Одан кейінгілері факсимильді қайта басылып шыққан және миниатюралық кітаптар, — дейді маман.
Шағын көлемді кітаптар 17-18-ғасырларда аса танымал болған екен. Олар ел арасында кәдесый ретінде жүріпті. Мазмұны мен құндылығы жағынан кәдімгі кітаптан ешқандай айырмашылығы жоқ. Тек шағын таралыммен шығып отырған.

Павлодарлық кітапханадағы миниатюрлік басылымдар қорында Жұбан Молдағалиевтің поэмалары, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер, өзге де танымал авторлардың туындылары бар. Ең бастысы шағын кітаптар қатары толығып отырады. Ең жаңасы — ақын Виктор Семерьяновтың «Мәшһүр шыңы» поэмасы.

Еске сала кетейік, Павлодарда неолит кезеңіңде жасалған қыш құмыралар сақталып тұр.