Жетісу облысында ауызсуды өзеннен тасып, ішіп отырғандар бар

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Лепсі ауылының тұрғындары 50-60 жылдан бері ауызсуды тасып ішіп отыр. Құдықтан алыс тұратындары өзен суын пайдаланады.

ауыз су мәселесі, су тасу, ауыл
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Лепсі — Алакөл ауданында шеткері жатқан шекаралық аймақта орналасқан ауыл. 330-дай үй, 1000-нан аса тұрғыны бар. 

Лепсі ауылы
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Соның жартысынан көбі XXI ғасырда бұлақ суын тасып ішіп отыр. Осыдан 50-60 жыл бұрын бастаулардың суын жинап, ауыл ішіне қолмен құбыр тартылған көрінеді. Тау жақтан күні-түні тоқтаусыз ағып тұратын ашық су 3 жерде бар. Құдық деуге келмейтін жіңішке сол құбырлардан халық су алады.

бұлақ, су тапшылығы
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

— Жарты шақырым жерді жаяу жүріп, көпірден өтіп, өзеннен су тасып ішіп отырғандар бар. Сұмдық қой. Ауылға спорт кешендерін салып жатыр. Ол әрине керек шығар, бірақ халыққа ең бірінші су мен жол керек қой. Аудан әкімі де, ауыл әкімі де мұны көрмейді. Жылда жиын жасайды да келесі жылы, келесі жылы деп кетеді. Уәделеріне тойдық, 15 жыл болды. Көшенің арғы басынан суды күнде шанамен тасып ішеміз. Үйімізге кіргізіп бермей-ақ қойсын өз көшемізге құдық қойып берсінші ең болмаса. Жеткізіңіздерші жоғарыдағыларға, бізге көмектессін, — деді ауыл тұрғыны, зейнеткер Валерий Ливинский.

Таудан тартылған құбырға жақын тұрғындар суды үй ішіне дейін насос орнату арқылы кіргізіп алған. Ал жерді қазып су шығару қиямет. Таза су 50 мен 180 метр аралығындағы тереңдікте жатыр. Ауыл халқымен бірге өзім де суды тасып ішем деген Лепсі ауылы әкімінің сөзіне сенсек, биыл құрылыс басталады, су мәселесі 1-2 жылда толық шешіледі.

ауыл, су тапшылығы, ауызсу мәселесі
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

— 2024 жылы экспертиза мен сметалық құжаттар әзірленіп, оң қортындысын алдық. Жалпы бөлінетін қаражат 2 млрд 900 млн-дай. Биыл оның 800 млн-ы бөлінді. «Сапа құрылыс» компаниясы ұтты. Жазға салым жұмыс басталады. Ауыл көшелеріне құбыр тартылады. Кейін әркім өз үйіне кіргізіп алады. Өзеннен су алып отырған санаулы ғана тұрғын бар шығар. Негізі бәрі ауылдағы 3 құдықтан алады. Өзім де суды елмен бірге тасып ішемін, — деді Лепсі ауылдық округының әкімі Берік Әукенов.

ауызсу мәселесі, ауыл, су тапшылығы
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Тасып аққан Лепсі мен Тентек өзендерінің жағасында отырып, ауызсуды жаз арбамен, қыс шанамен тасып мезі болған ағайын таза су шаңырағымызға тезірек келсе деп тілейді. Еске салайық осыған дейін Алакөл ауданында үш ауылдың жол азабын тартып отырғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар