Алакөл ауданында таксиден 11 млн теңге ұрлаған күдікті ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Алакөл ауданының Үшарал қаласында ірі көлемде ақша ұрлау дерегі тіркелді. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 11- қаңтар күні болған.
11 миллион теңгеге көлігін сатқан ер адам ақшаны пакетке салып, оны «Мерседес» маркалы автокөлігінің жүксалғышына қойған. Кешке ол танысымен мейрамханаға барып, шыққан соң сол маңда такси іздеп тұрған 2 жолаушыны келесі бір дәмханаға жеткізбек болады. Жолда патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатып, жүргізуші 10 минуттай бөгеліп қалған. Осы аралықта жүксалғыштағы ақшаны жолаушылардың бірі ұрлап, қашып кеткен.
— Ер адам жүксалғышты ашып ақшасын тексерген кезде, бірнеше купюра жерге шашылып, сол маңда тұрған жастардың назарын аударған. Олардың «Ақша ма?» деген сұрағына «Иә» деп жауап беріп, еш күдіктенбестен айтқан жерлеріне жеткізіп салу үшін көлігіне отырғызған. Ақша жоғалған соң жүргізуші Алакөл ауданының полиция бөліміне арызданды. Полицейлер жедел әрекет етіп, іздестіру іс-шараларын ұйымдастырды. Көп ұзамай күдікті ұсталды. Ол 24 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты, — деді Жетісу облыстық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, күдікті қамауға алынды.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Еске салайық осыған дейін Жетісу облысында көлік ұрлап, ізін суытқан 33 жастағы ер адамның ұсталғанын жазғанбыз.