Алакөл ауданының шаруалары алып қызылша өсірді

Алакөл
Фото: Фото: Алакөл ауданының әкімдігі

Жетісулық шаруалар қант қызылшасын өсіруге білек сыбана кіріскелі біраз жыл болды. Қазір барлық ауданда тәтті түбір егіледі. Биыл бұл қатарға алакөлдік диқандар да қосылды. Бүгінде Алакөл ауданындағы 20 шаруа қожалығы 500 гектарға еккен қант қызылшасын жинауға кірісті, деп хабарлайды Kazinform.

Жетісу облысындағы қант өндірісін дамытуға үлес қосып отырған шаруашылықтың қатарында «Сүлейменов» шаруа қожалығы да бар. Шаруашылық алғаш рет қызылша сеуіп отырғанына қарамастан, егістіктің өнімділігі 500 центнерге дейін жетті, ал жекелеген тәтті түбірдің салмағы 6-8 килограмға дейін барып отыр. Биылдыққа өңір бойынша салмағы жөнінен ең алып қант қызылшасы да осы қожалыққа бұйырыпты. Жақында қазылған тәтті түбірдің ең үлкенінің салмағы 8 кг 623 г жетті. 

Алакөл
Фото: Алакөл ауданының әкімдігі

Бұған дейін қызылша өсіруді тиімсіз және қиын жұмыс деп санап, тек майбұршақ өсірумен айналысқан екен. Дегенмен биылдан бастап қант қызылшасына төлем зауыттан берілетін сома мен мемлекеттік субсидияны қоса алғанда 40 мың теңгеге өскендіктен тәтті түбір өсірудің табыстылығы артқан. Соған орай биыл шаруашылық қызылшаға ден қойған.

- Биыл Көксу қант зауыты америкалық элиталық сорт тұқымымен қамтамасыз етті. 8 гектардан 320 тонна өнім жинадық. Алқаптың бірінші бөлігінде бір тәтті түбірдің орташа салмағы 6 килограмға жетсе, ең ірісі 8 килограмнан асып отыр. Өнімдерімізді Ақсу қант зауытына өңдеуге тапсырдық. Келесі жылы тәтті түбірдің егіс алқабын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Мұндай өнімділікке қол жеткізу үшін тұқымның сорты да, агротехникалық талаптарды сақтау да, баптап өсіру мен суғару да – бәрі маңызды, - дейді «Сүлейменов» шаруа қожалығының басшысы Жасұлан Сүлейменов. 

Шаруа қожалығы
Фото: Алакөл ауданының әкімдігі

Жалпы облыс бойынша осы жылы 370 мың тонна өнім жинау жоспарланған, бұл ретте 2 қант зауыты 71 мың тонна қант өндірмек. Алакөл ауданы әкімдігінің мәліметінше, осы кезеңде 52 гектардан 1 250 тоннаға жуық өнім жиналды. Қазір Үшарал және Көлбай ауылдық округтерінде қызылша жинау науқаны жалғасып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар