Алакөл, Балқаш көлдерінен заңсыз балық аулау тыйылмай тұр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Алакөл, Балқаш көлдерінде браконьермен күрес жүріп жатыр. Республикалық «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы 17 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алакөл, Балқаш көлдерінен заңсыз балық аулау тыйылмай тұр

Соңғы бес айдың ішінде заңсыз балық, аң аулағандардың үстінен 15 қылмыстық іс қозғалған.

«Оның ішінде 7 қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 335 бабы яғни, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын заңсыз аулау фактісі бойынша, 8 қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 337 бабы яғни, заңсыз аң аулағаны үшін қозғалған. Қазіргі таңда 9 қылмыстық іс Балқаш аудандық сотына заңды шешім қабылдану үшін жолданды», - деді Балқаш аудандық Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Нұргелді Әбиров.

Сонымен қатар, 2021 жылдың 4 ай қорытындысы бойынша балық аулау қағидаларын өрескел бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында 59 жеке тұлғаға қатысты іс-материалдары сот органдарына жолданды.

«Заң бұзушылардан жыл басынан 3,9 тонна заңсыз ауланған балық, 66 ау құралдары және 5 жүзу құралдары тәркіленді.

Құқық бұзушыларға 4 млн 280 мың теңге айыппұл салынды. Ал балық ресурстарына келтірілген залал үшін 1 млн 963 мың теңге талап қойылды», - делінген Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының жариялаған хабарламасында.

Браконьерлердің алдын алу іс-шарасы 17 маусымға дейін жалғасады.