Алакөл мен Қапшағайдағы қауіпсіздікті жасанды интеллект бақылайды — ТЖМ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірқатар су айдынында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелері кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
Бұл жөнінде ОКҚ өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров айтты.
Спикердің айтуынша, жаңа жүйелер жағалау аймақтарындағы қауіпсіздікті күшейту және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында орнатылып жатыр.
— Аталған жүйелер Алакөл көлінде, Қапшағай су қоймасында және Алматы қаласының су айдындарында орнатылды, — деді төраға орынбасары.
Министрлік өкілінің сөзінше, бейнебақылау жүйелері су айдындарындағы жағдайды бақылауға, қауіпті әрекеттерді дер кезінде анықтауға және құтқару қызметтерінің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Еске салайық, су айдындарында соңғы екі жылда 9 құтқару станциясы салынды.