Су айдындарында соңғы екі жылда 9 құтқару станциясы салынды - ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда су айдындарындағы қауіпсіздікті күшейту және төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында құтқару инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

Ақмола облысында суда құтқару станциясы пайдалануға берілді
Фото: Төтенше жағдай министрлігі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров айтты.

– Азаматтарды құтқару бойынша жедел әрекет ету мақсатында құтқару бөлімшелерін салу және оларды жарақтандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соңғы екі жылда су айдындарында 9 құтқару станциясы салынды. Атап айтсам, Шалқар, Имантау, Бурабай, Үлкен Шабақты, Пестрое, Алакөл (2), Көлсай көлдерінде және Есіл өзенінде жұмыс істеп тұр, - деді спикер.

Оның сөзінше, құтқарушылардың материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылып, заманауи жүрдек катерлер мен арнайы техника сатып алынып жатыр.

ТЖМ өкілдерінің айтуынша, мұндай қабылданып жатқан шаралар су айдындарындағы қауіпсіздікті арттырып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, биыл шомылу маусымы басталғалы бері 10 адам суға кеткен.