Алакөл жағалауында қызыл қоңыз қаптап кетті

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында Мақаншы ауданындағы Алакөл жағалауында қызыл қоңыз қаптап кетті.

жәндік
Фото: Pixabay.com

Соңғы күндері әлеуметтік желіде Алакөлдің Абай облысындағы жағалауында қызыл қоңыздардың қаптағаны жайлы видео тарады. 

Осыған орай Мақаншы ауданының әкімдігіне хабарласып көрген едік. Әкімдік өкілдері қызыл қоңыздар қонған жерлерді залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын мәлім етті.

Аудан әкімі Дәурен Койгелдин бастаған жұмыс тобы сол жұмыстарды бақылауға алған.

«Мақаншы ауданының тұрғындары Алакөл аймағында жәндік қаптағаны туралы видеолар жіберді. Сол жаққа фитосанитария, СЭС, ветинспекция мамандары барды. Арнайы жұмыс тобы да құрылған», - дейді аудан әкімі.

Оның айтуынша, «Дизенфекция медициналық мекемесі» мамандары әзірге 5 гектарға жуық аумақты «каратэ», «сиперметрин», «агран» сияқты препараттармен дизенфекциялады. Нәтижесінде 20-25 минут ішінде қоңыздардың көзі жойылды. Аталған бағыттағы жұмыстар апта соңына дейін жалғасып, жалпы көлемі 35 гектар аумақ дизенфекцияланатын болады.

Сонымен қатар СЭС және ветеринариялық инспекция мамандары аталған қоңыз қаптауы салдарынан мал қырылып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Ауылдағы малдан биоматериалдар және судан сынама алынып, зертханаға жіберілмек.