23:28, 12 Тамыз 2021 | GMT +5
Алакөлде алысқа жүзіп кеткен ер адам жағаға жете алмай қалған
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Алакөлде алысқа жүзіп кетіп жағаға жете алмай қалған ер адамға құтқарушылар көмекке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 12 тамызда сағат 16.36-да болған.
«Алакөлде жедел құтқару жасағының қызметкерлері патрульдеу кезінде жағадан 50 метр қашықта ер адамның көмек сұрап айқайлағанын естиді. Құтқарушылар оған қарай жедел келіп жетіп, резеңке баллонды лақтырған. Содан кейін азаматты қайыққа көтеріп, жағалауға аман-есен жеткізді. Демалушыға медициналық көмек қажет болмады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, ТЖД мамандары өңір жұртшылығына суда қауіпсіздік шарасын сақтау қажеттігін ескертеді.