Алакөлде ер адам суға батып кетті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстанның Үржар ауданында бір адам Алакөлге батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алакөлде ер адам суға батып кетті

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 56 жастағы ер адам Алакөлдің шомылуға арналмаған тұсынан суға түскен.

«Қайғылы оқиға болған жағалауда шомылуға тыйым салатын белгі орнатылған. Соған қарамастан, ер адам суға түскен. Оқыс оқиға туралы жергілікті учаскелік полиция инспекторы хабарлады. Сүңгуірлер бір сағат бойы іздеп, жағадан 30 метр қашықтықта 15 метр тереңдіктен суға кеткен адамның денесін тапты», - делінген департаменттің ақпаратында.

Төтенше жағдай өкілдері демалыс күні Семей қаласында да осыған ұқсас жағдай болғанын айтады.

«Ертіс өзеніндегі шығанақта 47 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Куәгерлердің айтуынша, марқұм өзеннің ортасына дейін жүзіп барып, қайта алмай қалған. Екі жағдайда да суға кеткен адамдар мас болған», - делінген департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінде.

Шомылу маусымы басталғаннан бері облыста 24 адам суға кеткен.