Алакөлде көпбалалы отбасылар баспаналы болды

АЛАКӨЛ. ҚазАқпарат - ҚР Конституция күні қарсаңында Алматы облысының Алакөл ауданында көпбалалы 6 отбасы баспаналы болды. Тұрғын үй мемлекеттік «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алакөлде көпбалалы отбасылар баспаналы болды

Жаңа шаңыраққа кіріп, қоныс тойын тойлағандар арасында «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері бар. Үшарал қаласында салынған жаңа әрбір үйдің ауданы 72 шаршы метр. Әрқайсысына республикалық бюджеттен 10 млн теңге қаражат жұмсалған.

«Пәтер жалдап, көшіп-қонып жүретін күндер артта қалды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көптен күткен үйімізге қол жеткіздік. Енді осы жер балалар мекеніне айналады деп ойлаймын. Ең алдымен Президентімізге, одан кейін облыс, аудан басшылығына алғысым шексіз», - деп қуанышын жеткізді 6 баланың анасы Ирина Еськова.

Жалпы Алакөл ауданында бүгінгі күні тұрғын үй құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Атап өтсек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы 20 пәтер, 2018 жылы 60 пәтерлі тұрғын үй кілттері кезекте тұрған азаматтарға берілсе, алдағы уақытта екі 20 және бір 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталмақ.