Алакөлде шомылу маусымы басталғалы бері 10 бала жоғалған
АСТАНА. KAZINFORM — Алакөлде демалушылардың қауіпсіздігі ерекше бақылауға алынды, деп хабарлайды Абай облысы ПД баспасөз қызметі.
Жазғы маусым қызған шақта Абай облысындағы Алакөл көлінің жағалауында туристік полиция қызметкерлері демалушылардың қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етіп жатыр. Патрульдеу жұмыстары жаяу және заманауи техникалардың көмегімен жүргізіледі. Электромобильдер, квадроциклдер мен самокаттарды пайдалану тәртіп сақшыларына жағалау аумағындағы кез келген жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Полицейлер судағы қауіпсіздік мәселесіне және жағажайларда алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударады. Олар су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі демалушылардың қауіпсіздік талаптарын елемеуінен болатынын еске салады.
— Курорттық аймақта бейнебақылау камералары да жұмыс істейді. Бұл қоғамдық тәртіпті нақты уақыт режимінде бақылауға және түрлі оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Маусым басталғалы полиция қызметкерлері адасып кеткен 10 баланы тауып, ата-аналарына табыстады, — делінген хабарламада.
Қабылданып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде жағалаудағы құқықбұзушылық деңгейі төмен күйінде сақталып, туристер өздерін қауіпсіз сезініп отыр.
Бұдан бұрын Абай полициясы дрондардың көмегімен Алакөл тасжолында бақылауды күшейткенін жазғанбыз.