Алакөлдегі қауіпсіздік пен санитария мәселесі Үкімет деңгейінде қаралды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев әкімдіктер, орталық мемлекеттік органдар, салалық ведомстволар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті.

Алакөлдегі қауіпсіздік пен санитария мәселесі Үкімет деңгейінде қаралды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Ермек Көшербаевтың айтуынша, ішкі туризмді дамыту – Қазақстанның экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл ретте қауіпсіздікке, қызмет көрсету сапасына, цифрландыруға және көрсетілетін туристік қызметтердің ашықтығына ерекше назар аудару қажет.

– Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің тапсырмасына сәйкес алдымызда нақты міндеттер тұр: туризм саласын цифрландыру, инфрақұрылымды жақсарту, қызмет көрсету сапасының стандарттарын енгізу, инвестициялық тартымдылықты арттыру және санитарлық әрі этикалық нормалардың сақталуына бақылауды күшейту. Бұл бағыттар орталық және өңірлік деңгейде жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Азаматтар мен ел қонақтары үшін жазғы маусымның қандай болатыны осы үйлесімді жұмыстың нәтижесіне байланысты. Біз формалды тәсілге жол бере алмаймыз – егер туризмді өңірлік дамудың шынайы қозғаушы күшіне айналдырғымыз келсе, жүйенің әрбір тетігі тиімді әрі халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі қажет, – деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Алакөлдегі қауіпсіздік пен санитария мәселесі Үкімет деңгейінде қаралды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтің сөзінше маңызды мәдени, спорттық және іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесі бекітілген, іс-шаралар туристер келетін нүктелерде QR-кодтар арқылы қолжетімді ұлттық туристік порталға орналастырылған, алайда кейбір өңірлерде бұл тек формалды түрде іске асқан, курорттық аймақтардың бас жоспарларын цифрландыру тек екі өңірде аяқталған, қалғандары кестеден кешігіп отыр. 

Алакөл көлінде судағы қауіпсіздіктің жоқтығы, санитарлық талаптардың бұзылуы, қоғамдық қолжетімділіктің шектелуі және салық тәртібінің сақталмауы сияқты мәселелер де көтерілді.

Ермек Көшербаевтың тапсырмасы бойынша Туризм және спорт министрлігі басқа да тиісті органдармен бірге жағдайды тексеріп, мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуі тиіс.

Шығыс Қазақстан облысының оң тәжірибесі ерекше атап өтілді – мұнда туризм басқармасы құрылған, инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр, оның ішінде Риддер қаласындағы жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» курорты бар. Биыл мамыр айында облысқа туризм саласына құйылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 86%-ға артқан. 

Бұған дейін хабарланғандай, Алакөл бағытындағы вокзалдар жөнделіп жатыр. Ақши станциясының бекеті тәулік бойы жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар