Алакөлдегі өрт: Үйлердің тығыз салынуы оттың тез тарауына ықпал еткен

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов Алакөл жағалауындағы ауқымды өрттің мән-жайын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Оның айтуынша, өрт жалыны 3 мың шаршы метрді шарпыған, 4 демалыс базасындағы құрылыстар жанып кеткен. Өрттің тез таралуына ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – жел мен құрғақ ауа райы сынды табиғи құбылыстар болған.

«Екінші фактор – үйлердің тығыз салынуы және құрылыс материалы. Бұл үйлер ағаштан жасалғандықтан өрттің тез тарауына ықпал етті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері 2 минутта жеткенін айтқым келеді. Кейін жақын жердегі өрт сөндіру бөлімшелерінен қосымша күштер мен құралдар жеткізілді, тіпті жергілікті атқарушы органдар да жұмылдырылды», - деді Д. Титов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері Алакөлдегі өрт бойынша қылмыстық іс қозғаған. Барлық қажетті тергеу шаралары жүріп жатыр, өрт сөндіру зертханасы да іске қосылды. Өртке кінәлі адам анықталса, оған материалдық залалды қалпына келтіру міндеті жүктеледі.

«Ресми түрде зардап шеккендер тіркелген жоқ. Бірнеше адам жақын маңдағы медициналық мекемелерге хабарласқан, бірақ олар зардап шекпеген, шок жағдайында болған. Еш адамды күйік шалған жоқ», - деді спикер.

Еске сала кетсек, 4 шілде күні Алакөлде 4 демалыс орнындағы 17 ғимарат толығымен жанып кеткен еді.

Қазіргі уақытта Алакөлдегі алапат өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.


Соңғы жаңалықтар