Алакөлдік балықшы қысы-жазы балық аулап, ел ырыздығын еселеп жүр

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алакөл көлінің ақ сазаны, көксеркесі мен ақбалығы ежелден елге әйгілі. Балығы өнеркәсіп үшін құнды. Алакөлдің жағасын қоныстанған халық балықшылықты кәсіп еткен. Балық аулап, нәпақасын тауып жүргендердің бірі - Нұржан Арынов, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балықшының еңбегі – етек-жеңі кепкенше. Біреулер үшін балық аулау – ермек болса, енді біреулері үшін кәсіп.

Алакөлдік Нұржан Арынов 20 жылға жуық осы салада еңбек етіп келеді. Өзімен қатар, балаларын да кәсіби балық аулаудың үрдісіне баулып жүр.

Айтуынша, көз аша көргені - қайық пен ау. Мектептен соң мамандық таңдап, техникум бітірген.

Бірақ, ата-бабасы айналысқан кәсіптің құты тартып, қолына ау алыпты. Саналы ғұмыры Алакөлдің айдынында өтіп жатыр.

Қысы-жазы балық аулап, ел ырыздығын еселеп жүр.

«Кез келген жұмыстың, кәсіптің өзіне тән қиындығы болады. Сол сияқты балық аулау шаруасы да оңай емес. Қыста, сарышұнақ аязда көлдің ортасына шығамыз. Мұз ойып, сағаттап отырып балық аулаймыз. Жазда кешке ау құрамыз. Таңертең барып аламыз. Оны сағат тоғызға дейін өткізіп үлгеруміз керек. Көлдің табиғаты қиын. Толқындар болады. Желмен арпалысып жұмысың күрделенеді. Сонысымен де қызық. Өзіме ұнайды»,- дейді балықшы.

Аудан орталығында ісің дөнгелетіп отырған азамат таң сәріден шығып, жергілікті мекемелерге жаңа ауланған балықты жеткізеді.

Күніне 50 келіге жуық балық аулайды. Кей күндері күн райының күрт өзгеруі жұмысқа қолайсыздық тудырады.

Мәселен, желдің қатты соғуына байланысты айықпен көлге шығып, қармаққа түскен балықты ала алмайтын жағдайлар жиі болып тұрады.

«Бұрын 20-30 ау құрсақ, қазір оның санын 40-қа жеткіздік. Қазір балық азайып кетті. Негізі балық шаруасының шығыны өте көп. Қайық аласың, оның керек-жарағы бар. Бәрі қымбат»,- деді ол.

Нұржан Арыновтың сөзінше, кәсібін балалары жалғастыруға ниетті.

«Балаларым да осы кәсіпті үйреніп жүр. Мен сияқты балық аулап, жолымды жалғастырмақшы. Болашақта жаңа қайықтар сатып алып, шаруашылықты кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Үкімет те қазір ынта-ықыластарына сай, балық шаруашылықтарын дамытуды құнттап отыр»,-дейді алакөлдік балықшы.

Айта кетейік ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі елде балық аулаумен айналысатын субъектілер үшін қосымша құн салығы 70 пайызға төмендейтінін хабарлаған болатын.


Соңғы жаңалықтар