Алан Бөрібаев «Абай» операсын «Астана Опера» театрында сахналайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемге әйгілі дирижер, аты аңызға айналған Ахмет Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаев қазақтың өшпес операсы «Абайды» «Астана Опера» театрында сахналайды.
Премьерасы 2015 жылғы 1-2 мамырға жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.
«Бұл - ұлы музыка, біздің ата-бабамыз үздік өнер туындысын жасаған және мен оның «Астана Опера» жаңа өнер ордасында сәтті шығатындығына бір сәтке де күмәнданбаймын», - деді Алан Бөрібаев.
Дирижердің айтуынша, бұл туынды қазақ мәдениетінің төрт бірдей кемеңгер тұлғасының есімдерімен байланысты, олар: ұлы Абай тұлғасы, либреттошы Мұхтар Әуезов және ұлы композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди. «Абай» операсы алғаш рет 1944 жылы Алматы қаласында сахналанды. Композиторлар Мұхтар Әуезовтің либреттосына музыканы қысқа уақыт ішінде жазған болатын. 1958 жылы «Абай» операсына біршама өзгертулер енгізілді, содан бері 2014 жылы операны Алан Бөрібаев сахналағанға дейін қойылымы өзгертілген емес. Сондай-ақ маэстро Бөрібаев 2012 жылы Германияда Оңтүстік Тюрингия Мемлекеттік операсы сахнасында «Абай» операсының еуропалық тұсаукесерін іске асырды, ол авторлардың төлтума идеяларын қалпына келтірді, партитураны қателіктер мен түзетулерден тазартты. Астанада «Абай» операсы оның орындаушылық редакциясында сахналанатын болады.
«Менің ойымша, Жұбанов пен Хамидидің операсында тұнып жатқан Абай бейнесінің мәнін ашу, музыкалық мұраның мағынасын қайта қарау әрбір ұрпаққа қажет дүние. Біздің әрқайсымыз Абайды өзімізше түсінеміз, әрбіреуіміздің өз Абайымыз бар, біздің көрермендерге көрсеткіміз келетіні де осы», - деп атап өтті Алан Бөрібаев.